Қалалық қоғамдық-саяси газет

Автошерумен басталған форум

0 334

Тәуелсіздігіміз бен азаттығымыздың айшықты белгісі мемлекеттік Рәміздерімізге биыл 30 жыл толды. Осынау жылдар ішінде төл Рәміздеріміз баршамызға патриоттық рух беретін, әрбіріміз мақтан тұтатын, халқымыздың береке-бірлігін арттыра түсетін бойтұмарға айналды. Осыған орай облыс орталығында «Менің Қазақстаным!» атты форум болып өтті.

«Елтаңбам-елдігім, көк тумы-теңдігім!» атты патриоттық жастар акциясы аясында – «Жастар» аллеясынан Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті саябағына дейін жаяу жүргізушілер және вело-автошеру ұйымдастырылды.

Шараға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов бастаған азаматтар мен қала тұрғындары қатысты. Аймақ басшысы өз сөзінде бұл атаулы күннің маңызына айырықша тоқталды.

– 1992 жылы дәл осы күні қыран бейнелі көк Туымыз, шаңырақты Елтаңбамыз, алғашқы Әнұранымыз қабылданған болатын.
Бүгінде бұл үшеуі елдігіміздің айшықты көрінісі. Рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен тұтастығының бейнесі.
Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбеков Жамбыл өңірінің тумасы. Өткен жылы тарихи тұлғаның есімі өзінің кіндік қаны тамған жер Жамбыл ауданындағы Бесжылдық ауылына беріліп, ауыл маңында Мемлекеттік Ту-тұғыры көтерілді. Бұл мемлекеттік рәміз мен тұлғаға көрсетілген құрмет! Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтай отыра, еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын тілеймін! – деді Нұржан Молдиярұлы.

Шара барысында патриотизмді нығайтуға, облыстың қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан үлесі үшін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, жауынгерлік даярлық басқармасының бағыт аға офицері Руслан Дармаханов, Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Жангелді Райымберді, Тараз қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы Бекнұр Байжанов, Бокстан бүкіләлемдік гимназиаданың жеңімпазы, 3 дүркін Азия чемпионы Ердос Шәріпбек сынды азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік шара әрі қарай Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.