Мектеп қабырғасында он бір жыл білім алған түлектер үшін маңызды айлар басталды. Енді шамалы уақыттан соң олар үлкен жолға қадам басады. Түлектердің барлығы дерлік өмірдің жаңа белесінде жоғары білім алып, білікті маман болуды көздейді. Осы биікке шығу үшін бірнеше сынақтан сүрінбей өту қажет. Соның бірі – Ұлттық бірыңғай тестілеу.
– ҰБТ-ға дайындық пен оның нәтижесі кез келген баланың психологиясына үлкен әсер етеді. Сондықтан мектептерде талапкерлердің қорқынышын еңсере алатын жағдай жасау қажет. Сондай-ақ тек қана оқушылармен ғана емес, ата-аналармен де жүргізілетін жұмыстар да аса маңызды. Тағы бір айта кетерлігі, жасөспірімдердің күнделікті жейтін тағамына да назар аударған жөн. Себебі олардың да тигізетін септігі мол. Көптеген оқушылар тестке кешкі тамағын ішкен соң дайындалады. Бірақ бұл қате. Бала кеш жатқандықтан, таңертең ұйқысы қанбай оянады. Соның кесірінен дел-сал күйде болып, еш нәрсеге зауқы соқпайды. Сол себепті маман ретінде кез келген мәліметті есте сақтау үшін таңғы уақытта дайындыққа кіріскен дұрыс деп кеңес берер едім. Бұған таңғы сағат 7:00 мен кешкі 19:00-дің аралығы өте тиімді, – дейді психолог маман.
Түйіндей айтқанда, ҰБТ өмірдің соңғы сынағы емес. Мұны тек біз ғана емес, мұғалімдер мен ата-ана да баланың санасына сіңіргені жөн. Бастысы, әрбір талапкер үміт сеніммен ұштасқанда ғана көздеген мақсатқа жетуге болатынын жете түсінгені абзал. Ендеше, білім сынағында түлектеріміздің бабы мен бағы қатар шауып, айы оңынан тусын деп тілейміз.
Құрбанәлі Аманкелдіұлы