Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастарға кімнің сөзі өтеді?

0 320

Жастар жылының ашылу салтанатында баршамыз бүгінгі күннің жұлдыздары болып жүрген вайнерлердің Елбасының жанына жайғасқанын көзбен көрдік. Ал сіз осы топтың қоғамға қандай дүние ұсынып жүргенін аңғардыңыз ба?

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Үйдегі бауырларымның сабақтан бос уақытта телефонға телміре қалатын әдеті соңғы кезде мені жиі мазалап жүр. Ақырын ғана аңдасам, қарайтындары арзан әзіл, арасында былапыт сөзі де баршылық вайндар. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» дейді қазақ. Қазір кім көп? Вайнер көп. Арам өліп жатқан – қазақы қалжың мен жасөспірімдердің қатаймаған санасы. Зеріккен баланың зейінін ғаламтордағы ғажайып өзіне еріксіз аударатыны анық. Ал бүгінде алып-сату алаңына айналған «Instagram» желісінің ең қызық деген лентасын эстрада жұлдыздары туралы дақпырт, «Қалаулымдағы» шатақтар және қазақстандық вайнерлердің өнімдері жаулаған. Қарапайым тілде айтқанда, қазіргі қазақ жастарының ой-санасына осы вайнерлер ұсынған өнімдер әсер етуде. Бұл – қашып құтыла алмайтын құбылыс. Заман жүйрік. Оған ілесу керек. Пайдаға жарату қажет. Алайда ол өнімдердің мазмұнына назар аударсаңыз, жағаңызды ұстайтыныңызға бек сенімдімін. «Instagram»-да сүзгі жоқ. Балаңыздың санасына сүзгіні өзіңіз қалыптастыруға тиіссіз! Өйткені әзілден гөрі әжуаға құрылған вайн түсіріп жүрген контент жасаушылар қоғам алдында ешқандай жауапкершілік сезінбейтін тәрізді. 18+ әзілдердің астарынан ешбір тәрбиелік мән де, ұлттық сананың жаңғыруын да таба алмайсыз. Сондықтан балаңызға смартфон ұстатарда ойланғаныңыз абзал.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.