Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дала төсі дүбірге бөленген күн

«Әулиеата» командасы – 12 дүркін ел чемпионы

0 2  268

Ұлы даланың төсінде будақ-будақ шаң қалдырып, қиқулаған сайын құстай ұшып, өмілдірігін үзердей алқынған аттар, үзеңгісін шірене тартып, тайыншадай серкені аспанға атып ойнаған тақымы тастай азаматтар. Бұл – неше мыңжылдықтан бері жалғасқан ұлттық ойын көкпардағы көрініс. Аюдай жауын ат үстінен аударып кете беретін Алаш баласына аударыспақ та бөтен емес.

Бектөбенің бүйірінде отырып «Атшабар» алаңына көз жібергенде, көңіл толқытып, тамырымды бір ұлы күш аралап өткендей болды. Кісінеген дауысы қиырға жетіп, шылбырын сүйретіп қашқан жылқы, атын ерттеп әбігерге түскен жігіттер. Бейне бір үлкен жорыққа аттанатын сарбаздардай. Арғымағы ауыздығымен алысып сап түзеп келе жатқан шеруді көргенде кешегі ат мініп, атан қомдап ғұмыр кешкен көшпенділер өмірінде жүргендей күй кештік. Бұл күні даланы дүбірге бөлеген ересектер арасында көкпардан және аударыспақтан Қазақстан Республикасының XXI чемпионатының жалауы Әулиеата жерінде желбіреген болатын. ҚР Президентінің Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру, жас ұрпақты Отанды сүюге тәрбиелеу, ұлттық өнерге құрметін арттыру мақсатында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен додаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардан келген 14 команда бақ сынады. Сондай-ақ 8 салмақ бойынша жігіттер аударыспақтан сынға түсті.
Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Мұхтар Имашев бастаған құрметті қонақтар қатысып, ұлттық ойынды ұлықтаған азаматтарға сәттілік тіледі. Салтанатты шарада сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков дүбірлі доданың мән-маңызына тоқталды.
– Жалпы қазақ елінің елдігі, ұлт болып ұйысып, өсіп-өркендеуі, жағадан алған жауына ғасырлар бойы бас имеуі ең алдымен болат тұяқ қалың жылқысының арқасы екені сөзсіз. Себебі атқа мінген қазақтың еңсесін ешкім езбеген, кеудесін ешкім баспаған. Сол үшін де бүгінгі доданың берері мол, бәсі биік, – деді Нұржан Қырықбайұлы.
Ақжарма тілек, әуелеген ән, күмбірлеген күй, мың бұралған биден соң, ауыздығымен алысып, желмен жарысқан жылқылар мен адуын азаматтарды сынға салатын ұлттық ойын басталып та кетті.
Көкпар сүйер қауымды көп күттірген дүбірлі дода Жоғарғы және бірінші лига командалары арасында өрбіген болатын. Жоғарғы лигада Нұр-Сұлтан қаласы, Қызылорда, Түркістан, Атырау, Қарағанды және Жамбыл облысы құрамалары чемпион болу үшін барын салса, бірінші лигада Ақтөбе, Алматы облысы, БҚО, Қостанай, Шымкент қаласы, Маңғыстау, СҚО, Павлодар облыстары және Алматы қаласы Жоғары лигаға жету үшін құлшынып бақты. Жарыстың бірінші күні 14 команда алаңнан табылды. Дүбірлі доданың шымылдығын Түркістан облысының «Тұран» командасы мен Қызылорда облысының құрама командасы түрді. Түркістандықтар табанды ойын көрсетудің арқасында 13:5 есебімен Сырдың жігіттерін жеңіп кетті. Алғашқы күннен-ақ арындарын байқатқан «әулиеаталықтардың» «Атырау» командасымен кездесуі көрерменнің көңілінен шықты. «Сен тұр, мен атайын» деген мықтылардан құралған қос команда да турнирде топ жаруға құлшыныстарын алғашқы аяқ алыстарынан-ақ аңғартты. Десе де, жеңіліс пен жеңіс қатар жүретін аламанда «Әулиеата» командасы қарсыластарын 7:2 есебімен ойсырата ұтты. Әрі қарай алаң Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарынан келген командалардың тартысты ойындарымен қыза түсті.
Дала төсінде басталған көкпардың екінші күні «Әулиеата» мен түркістандық «Тұран» командалары қарсылас атанды. Алғашқы салымды түркістандық көкпаршылар салғанымен, әуелгі шабысынан танбаған «Әулиеата» командасы қайсарлығын көрсетіп қарсыластырын 10:3 есебімен жер қаптырды.
Қара жерді қамырша илеген ел чемпионатының үшінші күні Арқаның намысын арқалап келген «Астана» командасы мен арыны басылмаған «Әулиеата» командасы күш сынасты. Нәтижесінде 13:5 есебімен бұл жолы да жамбылдық жігіттер мықтылықтарын көрсетті. Келесі ойында Қарағанды командасы белгілі себептермен алаңға шықпағандықтан, «Әулиеата» жігіттеріне ереже бойынша 3:0 есебі жазылса, соңғы додада Қызылорда командасынан техникалық жеңіспен басым түсті.
Осылайша «Әулиеата» командасы 12-ші рет ел чемпионы атанса, түркістандықтар күміспен күптеліп, атыраулықтар қоланы қанағат тұтты. Ал бірінші лигада Алматы облысы топ жарса, екінші орын түбектің жігіттеріне бұйырды. Ал шымкенттіктер қола медальді еншіледі.
ҚР Ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нүркен Байбөриевтің айтуынша, осы ойындардан кейін Қазақстан құрама командасына іріктеу өткізілмек. Мықтылығымен көзге түскен шабандоздар Ұлттық құрамаға алынып, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғайтын болады.
Жарайсыңдар, жамбылдық жампоздар!

Аударыспақтан да айымыз оңынан туды

Аударыспақ бәсекесі сом білекті Алаш ұлдарының қарым-қабілетін сынға салды. 12 өңірден келген 86 спортшы жеңіл 62, 68, 74 және ауыр 82, 91, 100, 100+ салмақтарында жеңімпаз болуға бар күштерін салды.
Жерлестеріміз жеңіл салмақта жеңіс тұғырына қона алмаса да, жүлдесіз қайтқан жоқ. Атап айтсақ, 62 келіде Серік Бейбітов ІІ орынды олжаласа, 68 келі Мұстафа Берікбай ІІІ орынға табан тіреді. 74 келіде сынға түскен Дәулет Ережепбаев ІІІ орынды еншіледі. Сондай-ақ Нұржігіт Әмзеев пен Данияр Смайылов 82 және 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде І орынды иеленіп, мерейлері тасыды.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.