Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғамдық кеңестің атқарған жұмысы ауқымды

0 1  097

2021 жылғы 12 ақпан күні Тараз қаласының әкімі А.Д.Қарабалаевтың 2020 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, онда кеңес мүшелері қала тұрғындарын толғандырып жүрген біршама мәдени-әлеуметтік, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық мәселелермен қатар, қала экономикасын дамытуға байланысты көптеген сұрақтарға тиісті жауаптар алды. 20-ға жуық сұрақтар топтамасы және Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар мен сын-ескертпелер тиісті іс-шаралар белгілеу үшін қала әкімінің аппаратына жолданып, қоғамдық бақылауға алынды.

«Тараз қаласының денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі, санитарлық-эпидемиологиялық ахуалы, тұрғындарға фармацевтикалық қызмет көрсету туралы» мәселе қаралды. Мәселені талқылау барысында кеңес мүшелері денсаулық сақтау жүйесіндегі медициналық қызмет сапасының нашарлығы, тегін берілуге тиісті дәрі-дәрмектердің қолжетімсіздігі, дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің төмендігі, диагностикалық емдеу және профилактикалық жұмыстардың сын көтермейтіндігі, медициналық ұйымдардағы ұзақ кезектер мен көрсетілетін қызметтердің сапасыздығы азаматтарды өз қалтасынан ақша төлеп, ақылы емханалардың қызметіне жүгінуге мәжбүрлейтіндігі, бұл материалдық жағдайы төмен азаматтар үшін бірқатар медициналық қызметтердің қолжетімсіздігі, ауруханалар мен емханалардың жұмысының тиімсіздігіне байланысты түсіп жатқан арыз-шағымдардың көптігі, жалпы денсау- лық сақтау жүйесі туралы тұрғындарда жағымсыз пікірлер қалыптасуына себеп болып отырғандығын жеткізді.
Аталған кемшіліктер бойынша тиісті ұсынымдар қабылданып, тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына іс-шаралар белгілеу үшін жолданды.
Кеңестің осы отырысында қала тұрғындарын алаңдатып отырған «Тараз қаласының экологиялық жағдайы туралы» мәселе де қаралды. Отырысқа арнайы шақырылған Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің басшысы М.Е.Құрманбаев күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады. Ол қаланың экологиялық ахуалын қалыптастыруда атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде кеңес мүшелеріне мағлұматтар берді.
Кеңес мүшелері тарапынан химия өндірісі нысандарының қалдықтары мен қала ішіндегі автомобиль түтінінен атмосфераның ластану индексі Тараз қаласында өте жоғары екендігі, өндіріс ошақтарынан ауаға шығарылып жатқан зиянды заттардың көлемі жыл сайын ұлғайып, концентрация ауа бассейінде нормадан 3 есе жоғары деңгейде жетіп отырғандығы туралы айтылды.
Қоқыс полигондары және өндірістік тұрмыстық қалдықтар, сарқынды суларды залалсыздандыру секілді мәселелер де жан-жақты талқыланып, кеңес мүшелері мәселенің тетігін табу мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға ұсынымдар жолданып, қоғамдық бақылауға алды.
Қоғамдық кеңес 2021 жылғы 29 қыркүйек күні қаланың «Тектұрмас», «Кирпичный», «Спирт зауыты», «Қант зауыты», «Барысхан», «Қарасай» аумағында тұратын тұрғындарының өтініші бойынша «Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты №7 емхананың тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасы туралы» мәселе көтерді. Кеңес тарапынан құрылған мониторингтік топ кәсіпорынның шаруашылық және қаржылық жағдайына егжей-тегжейлі зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Мониторингтік зерделеу нәтижесінде кәсіпорын 2016-2020 жылдар аралығында «Даримет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сенімді басқаруында болған кезеңде мемлекеттік міндетті сақтандыру қоры арқылы бөлінген қаржы орынсыз пайдаланылғандығы, тәжірибелі, білікті мамандардың қудалауға ұшырағандығы, кадрлар ағымына жол берілгендігі, тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде орын алған басқа да келеңсіз жайттар анықталды. Сонымен қатар енді емхананы жекеменшікке сату жөнінде ұйғарым қабылданып жатқандығы туралы ақпарат жергілікті тұрғындар арасында наразылық туындауына әкеліп соқтырғаны анықталды.
Қалалық қоғамдық кеңес кәсіпорынды сенімгерлік басқаруға беру тәжірибесінің өзін-өзі ақтамағандығы, керісінше, қызмет сапасының төмендеуіне алып келгендігіне көз жеткізе отырып, облыс әкімдігінің қаржы және денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына емдеу мекемесін сенімгерлік басқаруға, жекеменшікке сатуға қатысты жұмыстарды жүзеге асыру мәселесінде асығыстық танытпау жөнінде ұсыным хат жолдады. Нәтижесінде аталмыш кәсіпорынды жекеменшікке сату мәселесі күн тәртібінен алынып, белгісіз мерзімге дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының қарамағында шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын болып қала беретіндігі жөнінде шешім қабылданды.
Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысы 2021 жылғы 21 мамырда «Тараз қаласы аумағындағы жерлерді пайдалану және қорғау жөнінде ҚР Жер кодексі нормаларының сақталуы туралы» мәселе қарады. Мәселе бойынша кеңес тарапынан жүргізілген мониторингтік зерделеу және сараптамалық талдау нәтижесінде қала аумағындағы жерлерді пайдалану және қорғау жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар Қазақстан Республикасының Жер кодексімен бекітілген заңнамалық талаптарға сай еместігі, қаланың жер қатынастарын реттейтін негізгі құжаттарын, қаланың бас жоспарын, жер шекараларын, қала маңы аймақтарын белгілеу жұмыстарының жоспарлы түрде жүргізілмейтіндігін анықтап, салаға жауапты лауазым иелері өз міндеттерін атқаруда көптеген келеңсіздіктерге жол бергендігі үшін оларды тәртіптік жауапкершілікке тарту, келеңсіздіктерді жоюға бағытталған іс-шаралар белгілеп, оларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жөнінде қала әкімдігіне ұсынымдар берді.
Қоғамдық кеңес 2021 жылғы 5 қарашада өткен отырысында «Тараз қаласы аумағындағы Сібір жарасы ошағы көмбелері орналасқан мекенжайларда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуы туралы» мәселе қарады.
Кеңес тарапынан індет ошақтарына алдын ала жүргізілген мониторингтік зерделеу нәтижесі қала аумағындағы екі індет ошағының (Төле би көшесінің «Жансая» шағынауданы аумағында және қалалық автобекет пен Қызыл жұлдыз ауылына таяу орналасқан) аумақта қалыптасқан бүгінгі санитариялық-эпидемиологиялық ахуал Сібір жарасы ошағы көмбелері орналасқан мекенжайларға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық заңнамалық талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды. Ертеректе Сібір жарасымен ауырған мал көмілген қорымдар I-сыныпты санитарлық қауіпті аймаққа жататындығы, мұндай аймақтан санитариялық техникалық, көлік инфрақұрылымдарының құрылыстары, коммуналдық мақсаттағы қондырғылар мен объектілер кем дегенде 1000 метр қашықтықта орналасуы қажеттігі белгіленген Қазақстан Республикасы Үкіметінің заңнамалық құжаттарының талаптарын ескермей, жергілікті мемлекеттік атқарушы органдар 2009-2015 жылдар аралығында Сібір жарасы індетінен өлген мал өлексесі көміндісінің айналасындағы санитария- лық-эпидемиологиялық аймақтан кәсіпкерлерге құрылыс нысандарын тұрғызу үшін бірнеше жер телімдерін үлестіріп жібергендігіне көз жеткізді.
Кеңес отырысы тиісті мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарына сәйкес мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды күшейту жөнінде ұсынымдар беріп, орындалуын қоғамдық бақылауға алды.
2021 жылғы 26 қарашада Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу туралы» мәселе көтерілді. Күн тәртібіндегі мәселені талқылау барысында кеңес мүшелері тарапынан кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыспен күрес жүргізуді ұйымдастырушы ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмыстарындағы кемшіліктер, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссиялар жұмыстары көңіл толтырарлықтай болмауы сынға алынды.
Мәселені талқылау нәтижесі бойынша Қоғамдық кеңес жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша мақсатты іс-шараларды ұйымдастыруда олардың нәтижесі мен тиімділігін үнемі зерделеп, оны іске асыру жолдарын жетілдіріп отыру жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсынымдар жолданды.
Сонымен қатар Қоғамдық кеңестің осы отырысында қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Ә.Сейдәзімов пен Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Д.Ш.Өскембаева білім саласында сапаны қамтамасыз ету, білім беруді жаңғырту және дамыту саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізу мақсатында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
2021 жылғы 22 желтоқсан күні Қоғамдық кеңестің бастамасымен «Тараз қаласының 2022-2025 жылдарға арналған бюджетінің» жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өткізілді. Іс-шараға кеңес мүшелерінен басқа, қоғам белсенділері, қаланың 11 аумақтық округтері тұрғындарының өкілдері, қала әкімінің орынбасары, қала әкімдігінің бөлім басшылары және аумақтық округтердің бас инспекторлары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, барлығы 150-ге жуық азамат қатысты.
Қатысушыларды бюджет жобасымен қала әкімдігінің экономика және бюджеттік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ж.Ордабаев таныстырды. Бюджет жобасы қызу талқыланып, қоғам белсенділері тарапынан ондаған ұсыныстар мен толықтырулар айтылды. Қоғамдық тыңдау нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы билік бюджет жобасын бекітер кезде айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстарды ескеретіндігі жөнінде уәде берді, орындалуы Қоғамдық кеңестің бақылауына алынды.
2021 жылы Қоғамдық кеңестің төралқа отырыстарында атқарушы органдардың 8 нормативтік-құқықтық актілерінің жобалары қаралды. Онда «Тараз қаласы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормалары және тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, әкетуге, кәдеге жаратуға арналған тарифтерін бекіту туралы»; «Тараз қаласы бойынша әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы»; «2021-2023 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы»; «Жолаушылар мен багажды қалалық қатынастарда автомобильмен тұрақты тасымалдауға сараланатын тарифті белгілеу туралы»; «Тараз қаласында үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу мөлшерін және тәртібін айқындау туралы», «2021-2023 жылдарға арналған қалалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Сот шешімімен коммуналдық меншікке түскен болып танылған иесіз қалдықтарды басқару Қағидаларын бекіту туралы» қалалық мәслихат шешімінің күшін жою туралы»; «Мүгедектерге арналған жұмыс орнына квота белгілеу туралы»; «Мүгедек балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алу мөлшерін және тәртібін айқындау туралы»; «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квоталар белгілеу туралы»; «Тараз қаласының бірқатар құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы», тағы сол сияқты қала әкімінің қаулылары мен мәслихат шешімдерінің жобалары талқыланып, қаралған құжаттар бойынша атқарушы мемлекеттік органдардың басшыларына 12 ұсыным берілді.

Тараз қалалық қоғамдық кеңесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.