Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылдықтар әлемдік додада!

0 227

Тоғызқұмалақтан Түркияның Анталия қаласында өтетін дүниежүзілік чемпионатқа Жамбыл облысынан екі бірдей спортшы аттанбақ. Бұл туралы облыстық тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы Батырбек Құлекеев айтып берді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Тоғызқұмалақ – дәуірлер бедерінде қазақ халқының ұлттық ойындары қатарын толықтырып келе жатқан зияткерлік ойындардың бір түрі. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл ойын түрі қазақтарға ғана тән емес. Еуразияны мекен еткен тайпалардың барлығы өз дәуірінде ойнаған деседі. Бұған археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған тастар дәлел. Адамды тапқырлыққа баулып, ойлау қабілетін шыңдайтын спорт түрі өңірде жүйелі түрде қолға алынып, бүгінде облыстық дене шынықтыру және спорт, білім басқармаларының қолдауымен айына екі мәрте түрлі турнирлер ұйымдастырылып келеді.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында ұлттық ойындарымызды дәріптеп, ұрпаққа жеткізу мәселесі кеңінен айтылған. Тоғызқұмалақ ойыны атадан балаға мұра болып келе жатқандықтан, Әулиеата өңірінде де түрлі деңгейдегі чемпионаттар мен турнирлер тұрақты түрде өткізілуде. Тоғызқұмалақтың қызығына түскен адам сағаттап ойнауы мүмкін. Себебі бұл ойын түрі күрделілігі жағынан шахмат, дойбы сынды ойындардан кем түспейді. Жыл басынан бері Сағынбек Ақшаловтың демеушілігімен жарыстар ұйымдастырдық. Жуырда тоғызқұмалақты зерттеп, бүгінге жеткізген Серікбай Тілеубаев пен Әбілда Ақшораевтың атына арнайы турнир өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ өңірдегі тоғызқұмалақшылардың әлеуетін көрсету мақсатында демеушілердің көмегімен аймақтар мен аудандар арасында сайыс ұйымдастырдық. Наурыз мерекесінде жаңадан ашылғалы жатқан Жастар аллеясында алаңдағы тоғызқұмалақтан жарыс өткіземіз. Бұл шара еліміз бойынша біздің өңірімізде ең алғаш рет өткелі жатыр. Алаңдағы тоғызқұмалақ адамның ойлау қабілетін дамытумен қатар, физикалық тұрғыдан да пайдасы зор,– деді Батырбек Әбдірәсілұлы.

Тоғызқұмалақты ежелде мұсылман елдері ойнаса, бүгінде дүние жүзіне дәріптеліп, әлем елдері арасында ірі сайыстар қарқынды түрде ұйымдастырылып келеді. Жуырда Түркия Республикасының Анталия қаласында өтетін әлемдік додаға Жамбыл облысынан екі бірдей тоғызқұмалақшы аттанбақ.
– Сәуірдің 26-сы мен мамырдың 4-і аралығында өтетін бәсекеге Қазақстанның атынан Жамбыл облысының Ербол Әлдібай, Нұрбол Нұрғанов есімді тоғызқұмалақшылары қатысады. Бұл екі спортшының дайындықтары жоғары деңгейде. Дүниежүзілік жарыстың ашылу салтанатына ел атынан спортшыларды өзім бастап баруды жоспарлап отырмын. Ал жабылу салтанатына республикалық федерация басшысы Алихан Байменов арнайы аттанбақ, – деді облыстық федерация төрағасы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.