Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы

0 422

«Анаға тағзым» орталығында Ғ.Мұратбаев атындағы кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» атты сырласу кеші өтті.

Тағылымға толы шараға шаһардағы №35 орта мектеп пен Жамбыл ауданындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназияның оқушы қыздары қатысып, «Асыл әже» ансамблінің әншілері, ардақты аналар Жаңыл Тоқсейітова мен Күміс Рысбаева, «Болашақ» мектеп-интернатының мұғалімі, дефектолог маман Айжан Калиакперова, «Сырғалым» сырласу клубының жетекшісі Балауса Бейсенқызының ғибратты әңгімелерімен сусындады.
Аяулы жандар әңгімесін бұл кештің мақсаты қыздардың ата-анаға деген құрметін арттырып, оларды ана еңбегін бағалай, қадірлей білуге, ұстамдылыққа үндеу екендігінен бастады. Қыздың сұлулығы – оның тәрбиесінде. «Қызды тәрбиелесең – ұлтты тәрбиелегенің, ұлды тәрбиелесең – рухты тәрбиелегенің» деген сөз бар. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Әйел-ана – отбасының алтын қазығы. Ал тәрбиелі отбасы бақытты болашақтың ұясына айналатыны тағы ақиқат. Сол себепті халқымыз қыздарды кішкентайынан адалдық пен мейірбандыққа, инабаттылық пен ибалылыққа, сезімталдық пен еңбекқорлыққа тәрбиелеген. Ар-намысы, адамгершілігі бар, туған жері мен елін сүйген қыздан жақсы ана шыққан. Жақсы ана ұлтты тәрбиелеген. «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деген қасиетті де сипатты сөз осыдан қалса керек.
Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік пен ұлылық атаулының бәрі әйел-ананың ақ сүті мен ақ ниетінен, мейірімі мен жүрек жылуынан тарайды. Аналардың бойында нәзіктік пен сұлулық, ақыл мен парасат, төзімділік пен өрлік сияқты қасиеттер үндесе үйлесіп жатады.
Кеш қонақтары осылайша төгіле сөйледі. Адамзаттың даму тарихындағы аналардың ерекше орнын атап өткен әжелердің «өмірлік өнегемізді өскелең ұрпақ бойына сіңіре алсақ, ата-ана мен салт-дәстүрді сыйлайтын қыздар өсіп шықса» деген текті тілекпен ғұмыр кешіп келе жатқанын аңғармай қалмадық.
Өз кезегінде оқушы қыздар да сырласу кешіне әр беріп, ажарын ашты. Апа-әпкелерімен емен-жарқын әңгімелесіп, кездесуден түйген ойларын білдірді. Сондай-ақ Ақниет Сыдықбек пен Айзере Ғалым асыл жандарға арнап өлең-жырларын оқыса, Гүлім Сансызбайқызы ана туралы әнді әуелетті. Ұстаз Маржан Мырзалиева бастап барған ақбұлымдық оқушылар да өз өнерлерін ортаға салды. Бұдан бөлек, кеш жүргізушісі Бағира Бұлтанқұлова келесі «Қыздар сұлу көрінер» тақырыбында кітап көрмесін ұсынып, Аршагүл Тойбайдың «Даланың дана арулары» атты кітабына шолу жасады.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.