Қалалық қоғамдық-саяси газет

Біздің бренд!

0 279

Шаһардағы «Bakonya» сән үйінде нәзікжандыларға арналған су жаңа көктемгі топтаманың жабық көрсетілімі өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Нәзікжандылардың халықаралық мерекесіне орай өткен шарада 2017 жылдан бері тараздықтарға өз өнімін ұсынып келе жатқан «Bakonya» сән үйі қызметкерлерінің жұмысы жан-жақты көрсетілді. Отандық өнімге барынша қолдау білдіру керектігін Елбасы түрлі жиындарда жиі еске салып келеді. Бұл ретте «Bakonya» бренді шаһардағы өзіндік миссиясын қалтқысыз атқарып келеді деуге толық негіз бар. Тараздықтарды ерекше көңіл-күйге бөлеген шараға облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков пен шаһар басшысының орынбасары Кенжебек Мамашбайұлы арнайы қатысып, өңірдегі жеңіл өнеркәсіп саласын жандандыруға барынша күш салып жатқан бренд иесі Бағдат Майлыбаеваға ерекше ықыластарын білдірді. Көктемгі топтамада кешкі сән көйлектерімен қатар, кеңседе қызмет істейтін әйелдерге арналған киім үлгілері де меймандар назарына ұсынылды. Сонымен қатар күнделікті тіршілікке арналған шалбар, жейде түрлері де топтамадағы киімдер қатарын толықтырды. Аталмыш кәсіпорында жұмыс істейтін дизайнерлердің айтуынша, бұл сән үлгілерін киген әр әйел өздерін жайлы сезінеді.

– Көптеген тұрғындар «Bakonya» сән үйін қарапайым ателье деп ойлайды. Бірақ бұл мүлде дұрыс емес. Сондай-ақ ел арасында сапалы киімді тек шетелде шығарады деген қате түсінік бар. Бізге келушілердің бәрі киімдерді Италиядан сатып әкеледі деп ойлайды. Өнімнің барлығы осы Тараз қаласында жасалғанына сенгілері келмейді. Сол себепті біз тұрғындарға киімнің қалай тігілетінін, жалпы жұмыс барысын бақылау үшін арнайы монитор орнатып қойдық. Кей азаматтар біздегі бағалар қымбат деп ойлап, жай ғана киімдерді тамашалаумен ғана шектеледі. Бұл – қате ой. Дүкендегі киімдер қарапайым халық үшін қолжетімді бағада. Сонымен қатар «Bakonya» сән үйіне келіп, кез келген киімді киіп көруге болады. Себебі әйел адам өзіне қандай үлгідегі киімнің жайлы және ыңғайлы болатынын түсінуі керек. Біздің өнім әдемі ғана емес, адам бойындағы кейбір кемшіліктерді жасырады. Себебі әр киімнің дизайны сұлулықты көрсетуге бағытталған, – дейді кәсіпкер Бағдат Майлыбаева.

Оның айтуынша, бизнесті сәтті жүргізу үшін мұндай сән үйлерін ірі мегаполистерде ашу тиімдірек. Алайда кәсіпкер өзінің сүйікті ісін туған шаһарында жүргізуді жөн санаған.

Көрсетілімде кәсіби сәнбикелердің орнына түрлі салада қызмет ететін қарапайым арулар ортаға шықты. Олардың бірі кеңседе хатшы болса, бірі тіпті балабақша тәрбиешісі, ал бірі жай ғана фотограф. Сән үлгілерін тігу кезіндегі негізгі мақсат та осы, көпшілікке арналған қарапайым киімдердің топтамасын дайындап шығу болған. Жабық көрсетілімде бойжеткен арулар және егде жастағы әйелдермен қатар, бүлдіршіндерге де арналған сән үлгілері көрсетілді. Меймандар кішкентай сәнқойлардың талпыныстарына тәнті болып, қошемет көрсетті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.