Жамбыл облысы Гвардейский елді мекеніндегі госпитальда қайтыс болған ақтаулық сарбаз Әлібек Қалбайдың денесі кеше ұшақпен туған жеріне жеткізілді деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, марқұмның жақындары Маңғыстаудағы Ақшұқыр ауылында тұрады. Олардың айтуынша, 18 жастағы жауынгер Қордай ауданындағы №30212 әскери бөлімге 18 сәуірде барған. 4 күннен соң суыт хабар келеді.
«12-сі күні мәжбүрлі түрде армияға барсын деп баланы алып кетеді. Сотталасың, болмаса 3 млн-ға штраф төлейсің дейді. Кешкі 3-4 арасында мамасына соғады 4 мың теңге берші, асқазаныма дәріге ақша алдыртуым керек деп. Баланың көретін жері жоқ. Іші, бүйрегі, қолдары көгерген. Басы көгерген», деді Ә.Қалбайдың туысы Динара Тілесова.
Қорғаныс министрлігі таратқан ресми ақпарда ол таңғы сапқа тұру кезінде есінен танып құлаған.
«22 сәуірде рота таңғы астан келгенде казарма алдында тұрған. Сол кезде Әлібек ең соңғы қатарда тұрған. Басы айналып, құлап түсті артқа қарай. Бірінші дәрігерлік көмек көрсетіп, бірден медсанбатқа алып кеттік. Басының неден айналғанын білмеймін мен, күніне 2-3 солдат басы айналады да құлайды», – дейді ҚР ҚК №30212 әскери бөлімінің командирі Алмас Доспаев.
Туыстары оның өліміне кінәлілер бар деп, олардың заң алдында жауап беруін талап етіп отыр. Қайғылы оқиғаға қатысты тексеріс жүріп жатыр.