Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов тұрғындармен кездесті

0 179

   Кеше аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Ақбұлақ және Луговой ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, мұң-мұқтаждарын тыңдады.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 03 наурыздағы № 826 Жарлығына сәйкес аудан басшысы алдымен Ақбұлақ ауылдық округінің мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Ерболат Салқынбекұлы алдымен ауданда, оның ішінде ауылдық округте атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылатын игілікті істерді атап өтті. Дәлірек айтар болсақ, ағымдағы жылы Р.Сәбденов және Қызылшаруа елдімекендерінде жөндеуді қажет ететін 6 көшеге асфальт төселетін болады. Сондай-ақ, Р.Сәбденов ауылында спорттық-сауықтыру кешенін, Қызылшаруа ауылында мәдениет салу және де аталған ауылдық округте дәрігерлік амбулатория салу жоспарланып отыр.
Өз кезегінде ауылдың тұрғындары аудан әкіміне көкейде жүрген сауалдарын жеткізді. Мәселен, балабақшадағы балалар ойын алаңын жаңарту, көше жарығын уақытылы қосу, мектептердің және балабақшаның алдына «Жасанды бұдырлық» (лежачий полицейский) орнату туралы өтініш-тілектерін жеткізді.

Мұнан кейін халықпен көшпелі кездесу Луговой ауылдық округінде жалғасын тапты. Ауыл тұрғындары тарапынан Теміржолшы көшесінде жаяу жүргіншілер жолын салу, балаларға арналған ойын алаңын салу және ауылдық округте мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу сынды мәселелер көтерілді.

Айта кететіні, өткен жылы Луговой ауылында ұзындығы 1050 метр құрайтын жаяу жүргіншілер жолы салынған болатын. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да аудан көлемінде өз жалғасын табатын болады.

Аудан басшысы кездесулерде көтерілген сауалдар мен өтініштердің барлығы заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын және әр сауал жеке бақылауында болатынын жеткізді.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.