Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауыл мектебіне Ералыдай ердің есімі берілсе…

0 184

   Мемлекет және қоғам қайраткері Ералы Дадабаевтың есімі Әулиеата жұртшылығына жақсы таныс. Ол 1934 жылы 1 мамырда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Танта ауылында дүниеге келген. Шайқорықтағы 8 жылдық мектепті бітірген соң, Жамбылдағы Абай атындағы Қазақ педогогикалық училищесін үздік бітіріп, бір жыл мектепте мұғалім болып қызмет істеген.

1957 жылы Абай атындағы педагогикалық институтын үздік дипломмен, 1976 жылы Алматы зооветеринарлық институтын сырттай бітірген. Осылайша ол мұғалім, ауыл шаруашылығы өндірісінің экономист-ұйымдастырушысы мамандықтарын алып шықты. Жас маман еңбек жолын 1957 жылдан Талас ауданы, Майтөбе орта мектебінен бастап, Сарысу-Талас аудандары біріккен кезде Талас аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, «Ойық», «Бостандық» совхоздарының партия комитеттерінің хатшысы, Талас аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, 10 жыл «Ойық» совхозының директоры, Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Талас ауданының әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Оның сондай-ақ республика бойынша ең алғаш болып құрметті зейнет демалысына шыққан аудан әкімдерінің бірі екенін ерекше атап өткен жөн.
Талас ауданын басқарған жылдары Ерекең ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына өлшеусіз үлес қосты. Соның нәтижесінде 1992 жылы аудан мал басын өсіру жөнінен республикада бірінші орын алды. Зейнетке шыққаннан кейін де ол өзі өмірге келген Танта ауылындағы «Шайқорық» өндірістік кооперативін 10 жыл басқарып, кәсіпкерлікті дамытуға ерекше еңбек сіңірді. Ауылдың өсіп-өркендеуіне барынша күш салғаны жұрт жадында.
1980 жылдардан облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің, кейін мәслихаттың депутаты болып сайланды. Бір кездері КСРО Жоғарғы Советіне Шу сайлау округінен депутаттыққа баламалы үміткер болып ұсынылғаны тағы бар. Қазақстан Компартиясының 16-17 съездеріне, көптеген респуб- ликалық кеңестердің жиындарына делегат болып қатысқан.
Оның осы бір еселі еңбегі ескерусіз қалмай, «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдермен, Қазақстан Республикасы Президентінің, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар Жамбыл облысы, Талас және Жамбыл аудандарының Құрметті азаматы атанып, облыстық соғыс, еңбек және қарулы күштер ардагерлер кеңесі ұйымының төралқа мүшелігіне де бірнеше мәрте сайланған болатын.
Осылайша тәуелсіз Қазақстанның тұғырлы болуы үшін аянбай тер төккен Ералы Дадабаев мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтеріліп, беделдің биігіне қол созды. Сондықтан да Шайқорық ауылының тұрғындары Ералы Дадабаевтың есімін құрметпен атайды. Тіпті әлі күнге дейін елді мекенді «Ералының ауылы» дейді. Сол үшін де Ералыдай ердің есімі Шайқорық орта мектебіне берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Бұл ұсынысымызды Үкіметтен бастап облыс, аудан басшыларына дейін қолдайды деп сенеміз.

Шайқорық ауылының тұрғындары, Жамбыл ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.