«Құрмет» орденінің иегері, ақын, қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек журналист Нартай Аралбайұлына сұхбат беріп, көші-қон, балдызына қатысты дау туралы айтты.
Сұхбат барысында шекара сыртындағы қандастардың елге оралуы туралы айтып, бұған Кәрім Мәсімов пен Тимур Құлыбаев қарсы болғанын жеткізді.
– Назарбаевтың кезінде көш 2007 жылға дейін алтын дәуір болды. Қандастардың көп бөлігі келді. Кәрім Мәсімов келгеннен бастап Құлыбаев екеуі көшті ресми тоқтатуға кірісті. 2013 жылы көшті ресми тоқтату үшін Елбасыға басқаша ақпарат беріп, 4 жылға азаматтық бермеу туралы заң қабылдатты. Содан кейін көш ерге қисық отырды, сол салқын әлі келе жатыр. 2019 жылы жаңа президент келді. Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші сұхбатында дүниежүзіндегі қазақтардың атажұртта басын қосу – біздің қасиетті парызымыз деді. Бұл жай сөз емес. Бірақ мен қайта алтын дәуір туады деген ойымнан айныдым. Сырттан 47 мыңдай ғана қазақ келді. Мен бұл үшін президентті сөкпеймін, жағдай солай болды. Бұл көш реформаның кезінде ескерілмесе, 6 млн қазақ қалып бара жатса тоқтайды. Көші-қонға қарсы болған Кәрім Мәсімов ұлттық өзегінен айырылған, оған ақша ғана керек. Тимур Құлыбаев Жаңаөзен оқиғасын ашық түрде жапты ғой, бұған шетелден келген қандастар кінәлі деді. Бұлар қазақтың жаулары, – деді Ауыт Мұқибек.
Қоғам белсендісі келген қандастарды қай өңірге орналастыру керек, қандай жағдай жасалу керек деген сұраққа жауап берді.
– Кеше ғана Павлодар облысынан 13 отбасы көшіп кеткелі жатыр деп дабыл қақты. Өйткені жүйе жоқ. 6 мың теңгеден төлеп отыра беріңдер деген. Үкімет мұны басынан шешу керек еді. Бағдарлама қабылданған жоқ. Бұл жерде екі түрлі мүдде бар. Отаным деп келгеннен кейін жанбағыспен жүреді ғой. Мемлекеттік мүдде бойынша мемлекет ештеңе аямауы керек. Бос жатқан даланы толтырамыз десе, үкімет ойлануы керек. Шекараның шетінде тұратындарға екі-үш есе ақы төлеу керек, – деді ол.