Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өзгеден де ең сұлу…

0 394

Халқымыз қашанда ұлын нарға, қызын арға балап, ізеттілікті келіннен тауып, көңілінің дархандығын кең даласымен өлшеген. «Қызың өссе – өрісің» деп қызға ерекше құрмет көрсеткен. «Әдемілік бізге көптік етпейтінін» тағы бір дәлелдеген шенді арулардың арасында өткен байқау жеңімпазы, полиция лейтенанты Құндыз Бөгенбаевамен мереке қарсаңында сұқбаттасқан едік.

Арайлым Шабденова

ҚР ІІМ-нің әлеуметтік желілердегі жұмыстарды жандандыру туралы нұсқауы негізінде, сондай-ақ облыс полиция департаментінің имиджін арттыру және олардың «Instagram» әлеуметтік желісіндегі қызметі туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру үшін облыс полиция қызметкерлері арасында «Мисс полиция Жамбыл» фотоконкурсы ұйымдастырылған. Байқау барысы «Instagram» қолданушылары арасында дауыс беру арқылы ашық түрде өткен. Бір ай бойы жүргізілген байқаудың нәтижесінде ең көп дауыс Тараз қаласы Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының инспекторы, полиция лейтенанты Құндыз Бөгенбаеваға бұйырған. Құндыз да шығармашылықтан кенде емес. Жұмыстан қолы босай қалса әлем әдебиетін оқып, күнделік жазуды әдетке айналдырған.

– Бірінші мамандығым – журналист, екінші жоғарғы білімім – құқықтану. Журналистика саласындағы ұстазым – белгілі журналист, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы-драматург, бүгінде Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов. Ең алғашқы еңбек жолымды 2009 жылы облыстық «Ар-Ай» жастар газетінде тілші болып бастадым. Ал 2014 жылдың ақпан айында республикалық «Қазақ» газетінің жауапты хатшысы қызметінен Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне ауысып келдім. Күнделікті жантүршігерлік қылмыстар мен түрлі жағдайларға қатысты материалдармен егжей-тегжейлі танысу да қыз баласы үшін оңай емес, әрине. Тәуліктің кез келген уақытында біз жұмысқа баруға, оқиға орнына шығуға немесе рейдтік жұмыстарға қатысуға әрдайым дайын болу керекпіз. Халықтың басым бөлігі қандай жағдайда да құқық қорғау қызметкерлерін қаралап жататыны, теріс пікірде екені жасырын емес. Ең қиын әрі қауіп-қатерге толы, физикалық-психологиялық, моральдық дайындықты, білімділік пен сауаттылықты талап ететін жауапты кәсіптің бірі деп атар едім, – дейді Құндыз Нұғманқызы.

Салауатты өмір салтын ұстанатын «Полиция аруы» аптасына екі рет Полиция департаментіне қарасты «Динамо» дене шынықтыру кешенінде спорттың бірнеше түрімен шұғылданады екен. Сондай-ақ ол жаңа заңдар мен заңнамалардағы өзгерістерден хабардар ететін оқу сабағына да қатысып, білімін жетілдіріп отырады. «Көктемнің алғашқы күндерімен қатар келетін Халықаралық әйелдер күнін қалай атап өтесіз?» деген сауалға:

– 8 наурыз менің ғана емес, барлық қыз-келіншектердің ең сүйікті мейрамы деп ойлаймын. Ол күні барлық нәзік жандылар құрметке ие болады. Тіпті әйел мен ер деп бөлмейтін біздің саладағы ер азаматтарымыз біздерді ерекше құттықтап, концерт ұйымдастырып, сыйлық сыйлап, күні бойы керемет көңіл-күй тарту етеді. Мен үшін бұл мерекенің символы – әдемі, хош иісті раушан гүлдері. Мерекеден мен үшін ең бағалы сыйлықтардың көші – кішкентай сіңлілерімнің өздері қолдан жасаған әшекей бұйымдары. Әрбір ана, әрбір қыз баласы қандай қошеметке болсын лайық. Тек мерекеде ғана емес, біздер бір-бірімізге өз сезімімізді айтып, жақсы көретінімізді сыйлықпен ғана білдірмеуіміз керек. Келе жатқан мейрам құтты болсын. Әр шаңырақта сыңғырлаған баланың күлкісі кетпесін. Әр ана үшін содан асқан бақыт жоқ деп білемін, – дейді «Полиция аруы» Құндыз Бөгенбаева.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.