Елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Нұр-Сұлтанда криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 88 жастағы зейнеткерге шабуыл жасаған күдікті ер адамды ұстады деп хабарлады turkystan.kz.
«Түнде белгісіз ер адам 88 жастағы қарияның есігін қағып, ашуын сұраған. Қария есікті ашқан сәтте ер адам оны ұрып, тонай бастаған», – деп хабарлады полицейлер.
Қарақшы қарияның алтын сақинасын шешіп алған және бөлмені мұқият қарап тағы бір алтын сақина алып шыққан.
Тергеу барысында қаскүнемнің Затаевич көшесінде жалға берілетін пәтерді жалдағаны анықталды.
«Қарама-қарсы пәтерде жалғыз адам тұратынын біліп, қасақана барған. Елорда полицейлері 28 жастағы күдіктіні ұстады. Ол алтын бұйымдарды ломбардқа тапсырып үлгерген. Бұған дейін оның ұрлық үшін сотталғаны анықталды», – деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Ұсталған азамат Нұр-Сұлтан қалалық полициясының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері азаматтарға, әсіресе, қарт адамдарға пәтердің сыртқы есігін құлыптауды, бөтен адамдарға есік ашпауды, пәтерге кіргізбеуді, ешкімге сенбеуді сұрайды», – деді аудандық полиция бөлімі.