Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жемқорлық фактісі туралы хабарлағандар 2 миллион теңгемен көтермеленді

0 439

Жамбыл облысында сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған тұрғындар 2 миллионға жуық теңге көлемінде көтермеленді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1131 қаулысымен Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу қағидалары бекітілді. Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.
Параның немесе келтірілген залалдың сомасы не ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен (бұдан әрі – АЕК) аспайтын немесе залалы жоқ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы мынадай мөлшерде белгіленеді:
1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК (87 510 теңге);
2) онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК (116 680 теңге);
3) ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК (145 850 теңге);
4) ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК (204 190 теңге);
5) аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК (291 700 теңге).
Пара немесе келтірілген залал сомасы немесе ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер құны бір мың АЕК асатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы пара немесе келтірілген залал немесе ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер сомасының 10% құрайды, бірақ төрт мың АЕК-тен аспайды (2021 жылғы АЕК деңгейі бойынша 11 668 000 теңгеден көп емес).
Жамбыл облысында өткен жылы сыбайлас жемқорлық қылмысын ашуға жәрдемдескен 14 тұлғаға 1 900 000 теңгеге көтермелеу сыйақысы берілді.
«Жемқорлық туралы хабарлаған адамды немесе осы сипаттағы қылмыстың бетін ашуға септескен азаматтарды көтермелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес механизмдерінің бірі болып саналады. Азаматтарды көтермелеудің сараланған жаңа жүйесі енгізілді. Қазіргі таңда жемқорлық туралы хабар берген адам сол қылмыс барысында анықталған соманың 10 пайызына ие болады. Тіпті қылмыс барысындағы ақша көлемі 1000 АЕК болса да хабарлаған адам өз үлесін алады. Яғни 5 млн теңгенің қылмысы туралы хабарлаған адамға 500 мың теңге беріледі», – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Даурен Омаров.
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарлауға болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.