Ауғанстандағы билікті қолына алған «Талибан» қозғалысы (көптеген елде, соның ішінде Қазақстанда да тыйым салынған ұйым) жергілікті мемлекеттік қызметкерлерді жаңа дресс-кодты сақтауға және сақал өсіруге міндеттеді. Талапты орындамаған шенеунік жұмыстан шығарылады деп хабарлады turkystan.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Жаңа ережелерге сәйкес, Ауғанстандағы шенеуніктер сақал өсіріп, киім кию нормаларына қатаң сәйкес келуі керек: тюрбан немесе шляпа, ұзын көйлек пен кең шалбар кию.
Басылымның мәліметінше, өткен дүйсенбіде тәліптер мемлекеттік органдар ғимараттарында кезекшілік етіп, шенеуніктер киімінің нормаға сәйкестігін тексерген. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік қызметкерлер уақытында құлшылық жасауы керек, мұны да тәліптер мұқият тексереді.
Еске сала кетсек, «Талибан» қозғалысы Ауғанстан билігін өз қолына былтыр тамыз айында алған болатын.