Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дәрі сататын оператор

0 561

Анам күнделікті қоңырау шалады. Өзім де саулығын біліп тұрамын. Онсыз күн нұрсыз, таң да шуақсыз. Бірде таңнан кешке дейін шалған қоңырауыма жауап қатпады. Не өзі кері қоңырау соқпады. Інім мен келінімнен сұрасам:
– Мама үйде. Бәрі жақ- сы, – дейді.
Солай бірнеше күн өтті. «Қай сөзіме ренжіді? Қай қылығым жақпады? Сөйлес- пей қоярдай не жаздым?» деп көп толғандым. Соңыра келінім Айкаға қоңырау шалып:
– Анам неге телефон алмайды? Неге звондамайды? Сендер ренжіттіңдер ме? Шыныңды айт. Телефоны бұзылды ма? – деп байбалам салдым.
Ол ойланып барып: «Расымен, телефоны көрінбейді. Көңіл-күйі жоқ. Сөйлесейінші», – деді.
Таңға дөңбекшіп уайым қылдым. Ертесі анам қоңырау соғып тұр. Жүрегім дүрсілдеп, не жағдай айтар екен деп тұтқаны көтердім. Аман-саулықтан соң: «Неге қоңырау алмай кеттіңіз?» – десем, шешем сылқ-сылқ күліп алды да, әңгімесін әріден бастады.
– Жақында рекламадан бір дәріге қызығып қоңырау соқтым. Сұмдық білгіш екен: «65-те болсаңыз, сіздің тізеңіз сыр- қырап, аяғыңыз ауыратын шығар? Давлениеден қиналып жүрсіз бе? Кейде басыңыз қысады», – деп тақылдап тұр. Бәрін біледі. «Басқа мынау, аяққа мынау, белге мынау» деп түрлі дәрі беретін болды. «Бағасы қолжетімді» деген соң қуанғаным рас. Адрес алған соң барып шын бағасын айтқанда шошып кеттім. Бірақ «алмаймын» деп қалай айтам, намыстанып: «Аламын», – дедім. Ішімнен тындым. Інің кредит, үй ремонты, шиеттей бала-шаға қамымен жүрісі анау. Дәрігер қыз сағат сайын звондайды. Телефонды бөлмеге кіргізіп, үстіне жүк жинап, есігін құлыптап тастадым. Анда-санда есік сыртынан тыңдасам, звондап жатады. Зәрем қалмай, қаша жөнелем.
– Беззвучныйға қоя салмайсыз ба, қашқаны несі?! – деймін мен күлкіден әрең сөйлеп.
– Телефоннан атып шығып қылғындыратын сияқты. Кеше келінім Айка телефон сұрап, әбден қинаған соң, лаж жоқ, «біреу звондап жүр» деп шынымды айттым. Сосын анау звондағыш дәрігерге Айка әбден ұрысты. Білгіш қыз қайбір жетіскеннен жүр. Мені «ауырмаса екен» деп жаны ашып звондап жүр ғой ол байғұс. Бәрі құрысын, бес күн бойы қиналғаным есіме түссе, жылағым келеді, – деп жұтынып алды да:
– Сенің дауысыңды естуге зар болдым ғой. Халің қалай, қызым? – деді мамам мейірімге толы үнмен, дауысы дірілдеп…
– Ой, мама, ол қыз дәрігер емес, оператор. Дәрі сатып, табыс табады. Ақша үшін, тауарын өткізу үшін зыпылдаған ғой.
– Әй, олай тіл тигізбе. Ол білгіш дәрігер! Сұмдық енді. Мен алып жүрген кәдімгі дәріхананың дәрісі бөлек. Ал мынау «апау, апау» деп жалпылдап тұрған қыздың дәрісі мүлде бөлек, – деді анам.
Кеше келінім үйіп-төгіп сол дәрілерді алып беріпті. Мамам мәз… Бәрі сатылады. Тек көңіл емес! Жылы сөй-леу – ең ұлы дәрі!

Құралай Сейсенбекқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.