Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауылым – алтын бесігім!

0 13  712

Жасы қырықтан асқан қазақтың тең жартысынан көбінің өмірі ауылмен байланысты. Ауыл деген сөзді естігенде жүрегі дір ете қалмайтыны кемде кем шығар. Себебі қазақтың өткені, ата – баба тарихы, тілі, діні түгелдей даламен, беріректе ауылмен байланысты. ХХ ғасырдың 70-80 жылдарына дейін қалаға келіп білім алып, қызметке орналасып қалған ер азаматтар ауылдан қол үзбеді. Бала – шағасын сүйрелеп ауылға барып жүрді.

Қаладағыдай кинотеатр, саябақ болмаса да, әйелдерімен ауылының жақсысын асырып, жаманын жасырып, балалығы, жастығы өткен ауылға барғысы келіп тұратын. ХХ ғасырдың 80 жылдарынан бастап өндіріс орындары қанат жайып, ауылдан келген қазақтар өздерін нық сезіне бастады. Әйелдер де өндіріске жұмысқа орналасып, қаражат тауып, киім киді, мінез-құлқы өзгеріп, араласатын орта қалыптастырды. Кәсіпорындар тарапынан, кәсіподақтың тарапынан ұйымдастырумен жаз айларында, демалыс күндерінде қала сыртына, басқа қалаларға, Ыстықкөлге, Самарқандқа, Ташкентке, одан қалаберді шипажай, демалыс орындарына жолдама беру нәтижесінде жұмысшы табын қалыптастыру дәстүрі беделді түрде іске асырылды. Соның нәтижесінде әйелдердің ауылға баруға деген қарсылығы күшейе түсті. Ер адамдардың беделі төмендей бастады.
Ауылға арнайы шақырылған той-томалақ, дос-жаран, жолдастардың жиындарына болмаса, баруды сирете бастады. Қала өміріне үйрене білу қаражатты есептеу, айлықтан айлыққа жеткізу, артық ауыс-түйісті көтере бермейді. Ауылдан барып от әкелу, әке-шешеден қаржылай көмек алуға барғанда сөз естіп қаламын ба деген оймен әйелмен барудан бой тарта бастады. Сонымен қатар жас балалардың баруы да сирей бастады. Дегенмен ауылда өскен азаматтар ауылды сағынып тұратын. Себебі ауылда айналып-толғанып отыратын ата-ана, барғанда күтетін бауырлары, тай – құлындай тебісіп өскен достары болатын. Әйелдің рөлі күшейгеннен кейін, балалардың да өз жұртына қарағанда нағашыларымен байланыс жоғарылай бастады.
ХХ ғасырдың 80 жылдарында ауылдың жағдайы жақсы басқа қаладан кем емес еді. Жеке көліктің өзі ауылда көбірек еді: қоғамдық көлік, шаруашылықтың көлігі жеткілікті еді. Әрбір ауылда мектеп, кітапхана, дәрігерлік пункті, дүкен болды. Шаруашылықтың есебінен жем-шөбі бар, отын-суы тегін. Сондықтан ауылдағы ағайын шалқайып отыратын, қалалықтарға шекесінен қарайтын.
80-жылдары елде экономикалық дағдарыс салдарын алдымен қаладағылар сезе бастады. Ай сайынғы алатын жалақы болмай, азық-түлік жетіспей, карточкалық жүйе, дүкендегі кезек жағдайды қиындатып, халықтың наразылығы күшейіп, нәтижесінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы орын алды. Алаңға шыққан қазақ жастары еді. 90-жылдардың тоқырауы елді біртола туралатты. Елдегі қиыншылық ауыртпалығы негізінен ауылға түсті. Ауылдың жағдайы төмендеді. Қала деген жалпы халық болса, ауыл деген – қазақ. Күнкөріс көзі, айлық алып отырған жұмыс тоқтады, кеңшарлар тарады, елдің күнкөрісі қорасындағы малы болып қалды. 95-жылдарда бір қап ұн 1,5 теңге болғанда тоқты-терім 500-600 теңге болып, бір қап ұнға 2-3 мал кетіп, 2-3 жылда малдың басы күрт азайды.
Бас-аяғы он жылда 2000-жылдары Қазақстанда жиналған 36 млн бас қойдан үштен бірі ғана – 12 млн-дай қалды. Басқа ірі малда солай болды. «Базарлы экономикаға» өту қазақ үшін Голощекиннің «Кіші Октябрінен» кем болмады. Қазақтың малы жаны екені белгілі, малы кетсе жаны кетеді. Ауыл тұрғындары күнкөріс қамымен қала жағалап кетті. Жел айдаған ебелектей халық босып кетті. Тамырынан айырылған туған жердің босқын ел өмірінің мәні мен мағынасы жойылды. Қала жағалап, ел есін жиғанша 20 жыл өтіпті. Көрінгеннің есігін жағалап баспана іздеп, күнкөріс үшін небір есіл ерлердің жасығаннан ұлттық намысы жойылды, ерден езге айналды.
Ертерек қамданған жолы болған біршама жастардың қолы жүріп, үлкен қалаларға сіңісіп кетті. Ата-анаға, ағайын-туысқа қолдау көрсетті. Бірақ олар көп емес қой. Талап көп қойған билікке сенген сенімнен ажырады. Билік төңірегіндегілер аз жыл ішінде өте байып кетті. Сырттан келген теріс діни ағымдар мен ауылдағы шала сауатты имамдардың уағыздарының нәтижесінде ата-баба дінінен ажырады. Сақал қойып, мұртын қырып тастап, шалбар балағын кескендер ақыл айтты.
Ісімен, сөзімен ықпал ететін ауылдағы қариялардан ажыраған қазақ таза мәңгүртке айналды. Айтатыны: Қариялар азайып бара жатыр. Қариялар қайда кетті? Алдында малы жоқ, жағдайы төмен адамда ақыл қала ма? Кімге ақыл айтады, сөз тыңдайтын адам түгілі, өз балаң тыңдамайды.
Құрыштан құйған сом болат,
Қарттарым, аман-сау жүрші, – дейтін заман қайда?
Кешегі қаңтардағы қантөгіс – соның нәтижесі. Қазақстанның барлық өңірлерінде дерлік болған наразылық шеруіне шыққан – қазақтар. Егер тағы да алаңға шақырып, үгіт жүргізсе, шамалы қаржы берсе тағы да шығады, нақты талап та, мақсат та жоқ.
Себебі билік пен халықтың арасы өте алыстап кеткен. Қаладағы сәнді тойханалар үлкен ғимараттар қандай қаражатқа салынды. Оларды қазақ салған жоқ. Соларға деген кек, ыза, кедей табының өшпенділігін қаратуға, өртеуге итермелеген. Сондықтан халықты сабасына түсіріп, бірлікке шақыру үшін билік әлі де ауылға көңіл бөлуі керек. Халықтың жерін, жайылымын, шабындығын қайтарса, қаржылай көмек, жеңілдетілген несие берсе, елдің беті ауылға бұрылып, алдына мал біткен қазақ тынышталады. Ауыл – қазақтың алтын бесігі!

Дүйсен Ділдәбек,
«Өмір тіршілік қауіпсіздігі»
кафедрасының доценті, техника ғылымдарының кандидаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.