Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ресей тағы бір мемлекетті басып алмақ ниетте

0 1  599

Егер Босния мен Герцеговина НАТО-ға мүше болуға әрекет етсе, Ресей жауап қайтаруы мүмкін. Нақтырақ айтсақ, Украинаның сценарийін жасауы ықтимал. Бұл туралы Ресейдің Босния мен Герцеговинадағы елшісі Игорь Калабухов айтты деп хабарлады turkystan.kz bugin.kz-ке сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, орыс елшісі мұндай мәлімдемені босния телеарнасына пікір білдіріп тұрғанда айтқан.

«Егер олар (Босния мен Герцеговина) қандай да бір одаққа кірем десе, өз еркі. Бірақ бұған біздің реакциямыз қандай болады, мәселе сонда. Мәселен, Украинадағы жағдай Ресейдің іске дайын екенін көрсетіп берді. Қауіп төнсе, біз атқа қонамыз», – деген Калабухов.

Оның айтуынша, БмГ-ның НАТО-ға мүше болуы екіталай. Бұл – жай қиял ғана.

«Консенсус жоқ елдің НАТО-ға мүше болуы қиын. Әзірше Мәскеу билігінің де БмГ-ге көзі түсіп отырғаны шамалы. Егер стратегиялық және геосаяси тұрғыдан қауіп төнсе, онда әрекет етуге тура келеді», – деді ол.

Ал өз кезегінде Босния мен Герцеговинаның президенті Желько Комшич орыс елшісінің бұл мәлімдемесін қатты сынады.

«Ресей Федерациясының біздің елдегі елшісінің бұл сөзін сөгіс, балағат деп бағалаймын. Әрі қатты айыптаймын. Ресей елшісінің Украинадағы жағдай мен Боснияны салыстыруы ағаттық деп білемін. Босния мен Герцеговинаға ғана емес, бүкіл Батыс Балқан елдеріне құқай көрсету бұл деген! Ресей бізге басқыншылық жасайды екен деп қорқып, НАТО-ға кірмей қою жоқ. Егер Босния мен Герцеговинаның институттары НАТО-ға кіру жөнінде шешім қабылдаса, онда мүшелікке өтуге әрекет етеміз», – деп түсіндірді президент.

Айта кетейік, 2010 жылы НАТО Босния мен Герцеговинаны мүшелікке шақырған. Ал оның көршісі Сербия Республикасы болса, 2017 жылы өзін нейтралитетпіз деп мәлімдеп, ешқандай әскери ұйымға кірмейтінін айтқан.

Босния мен Герцеговина – Балқан түбегінде жатқан мемлекет. Шығысында Сербия мен Румыния, оңтүстігінде Черногория, ал солтүстігінде Хорватия жатыр. Бұрында Югославияның құрамында болған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.