Режиссер Болат Қалымбетов түсірген «Мұқағали» көркем фильмі Үндістанда наурыздың 18-25 аралығында өтетін 26-шы Халықаралық Керала кинофестивалінің «Әлемдік кино» бағдарламасы шеңберінде көрсетіледі деп хабарлады turkystan.kz.
Байқауда Берлин және Канн сынды басқа да әлемдегі беделді фестивальдерде жүлделерге ие болған фильмдер ұсынылады.
Еске сала кетсек, Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Мұқағали» фильмі қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев өмірінің соңғы жылдарын баяндайды.
Фильмнің әлемдік тұсаукесері Таллиндегі «А» санатындағы 25-ші Халықаралық «Темные ночи» (PÖFF) кинофестивалі шеңберінде өтті. Байқаудың негізгі бағдарламасына қатысқан отандық кинотуынды экуменикалық қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Былтыр қазан айында биографиялық драма елімізде прокатқа шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленгенін айта кету керек.
Керала халықаралық кинофестивалі – Үндістанда өтетін ең ірі әрі беделді байқаулардың бірі. Мәдени іс-шара Керала штаты Мәдениет департаментінің ұйымдастыруымен жыл сайын желтоқсан айында өткізіледі. Биылғы фестиваль Covid-19 пандемиясына байланысты наурыз айына ауыстырылып, дәстүрлі форматта өткізілетін болды. Фестиваль шеңберінде барлығы 180 фильм көрсетіледі.
Тағы оқи отырыңыз: «Кино болм