Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сүйгеніңе сыйлық жасауға қанша қаржы қажет?

0 658

Көктемнің алғашқы күндерінде жанға жылу сыйлап, ізгілік дарыта келетін ерекше мерекенің бірі – 8 наурыз. Бұл әлемдегі ең асыл жандар – аналардың мерекесі болуымен де құнды. Айналаны сұлулыққа бөлеп, нәзік сезімге толтырып тұратын қыз-келіншектердің мейрамы болғандықтан өзгеше. Бір ғасырдан астам уақыт бойы осы мереке дүниежүзінің 80-нен астам елінде, сол секілді Қазақстанда да ерекше аталып келеді. Осы күні әйелдерге, аналарға, қыздарға айрықша ізет көрсету, лайықты деңгейде құттықтау дәстүрге айналған.

Күні бүгінге дейін бұл мерекеде қандай сый-сияпат жасалып, тарту-таралғы тапсырылатынына ешкім аса мән бермейтін. Одан қыздар қауымына деген құрмет артпаса, кемімеген. Қазір талғам-таным өзгерді ме, бұрынғыдай емес, сыйлыққа да сын көзбен қарайтын болдық. Тіпті алдын ала «тілегін» айтып, қалауын жұқалап жеткізетіндер де жоқ емес.
Осылайша, қазір 8 наурызда арулар үшін сыйлықтар мен көрсетілер құрметтің 2-3 еселенетін уақытына айналды. Мәселен, 12-13 жасар мектеп оқушыларының өзі бұл мерекеде айна мен тарақты місе тұтпайды. Олар үшін әдемі мейрамханадағы отырыс пен бағалы бұйымдар тарту етілгенін жөн санайды.
Жасөспірім қыздар мен бойжеткендердің мереке туралы ойы мен қалауын білу үшін Тараз қаласындағы №38 мектеп-гимназияның оқушылары арасында сауалнама жүргіздік. «Талғамға талас жоқ» демекші, мерекеге байланысты ой-пікірлер де сан алуан екеніне көзіміз жетті. Бойжеткендердің бірі қорапша толы тәттілер десе, енді бірі әдемі иіссу, болмаса бетке арналған түрлі бояу (косметика) сыйлағанын күтеді екен. Қиялы ұшқыр қыздар шыныға су құйғанда ару қыздың суреті шығатындай етіп арнайы ыдыс дайындаса да болатынын айтты. Бұл – жай ғана оқушы қыздардың пікірі.
ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың дәуірі. Жастардың талғамына қарап, адам да, заман да өзгерді деп жақауратуға да болады. Дегенмен қоғамда жас жеткіншектердің бойында мейірімділік пен қанағатшылдық жоғалып бара жатқан секілді болып көрінеді. Журналист Құралай Сейсенбекқызы «бүгінгі жастардың тым талғампаз, кірпияз болатыны – әлеуметтік желінің ашықтығының салдары» деп өз ойын білдірді.
– Себебі елге танымал жұлдыз болсын, қарапайым тұрғын болсын алған сыйлықтары мен сияпаттарын оқыр- мандары арасында бөлісіп отырады. Бұл тек сол аудиторияны ғана қамтымайды. Барлық желі пайдаланушылары көреді. Оны көрген жас бала «маған да осындай керек» деп жақындарынан сұрай бастайды. Әлі оңы мен солын танып білмеген мектеп оқушылары үшін «жоқ, болмайды» деп айту – үлкен соққы. Сондықтан да бала көңілі үшін барынша сұранысқа ие заттарды алып беруге, көңілінен шығуға тырысамыз. Менің 12 жасар қызым бар. Өз ісіне пысық. Қазір тек оқуын оқып қана қоймай, қолдан түрлі бұйымдар жасайды. Арнайы құралдарын әперіп қойғанмын. Түнімен отырып тігеді, тоқиды. Суретті де ғажап салады. Болашақта дизайнер болады деп үміт күтемін. Сол кішкентай қызыма сыйлық алу үшін бірнеше ай ойланамын. Біз дәл сол жасымызда анамыз алып берген киімге мәз болып, кішкене дүниеге қуанушы едік. Әлі күнге дейін есімде. 7-8 сыныпта оқимын. Өзі сыныпта аз ғана қызбыз. 8 наурыз мерекесінде алғаш алған сыйлығым – жасанды раушан гүлі болған. Оның сабағы мен қауашағының ортасында иісі тым ащы иіссуы бар. Кішкене ғана кітап және беторамал. Міне, сыйлықтың төресі. Сондағы біздің қуанғанымыз. Ұзақ уақыт дайындалып күткеніміз – осы 2-3 зат қана. Соның өзіне қуанып, бақытқа бөленетінбіз. Қазір адамдарды қуанту тым қиын, – дейді Құралай.
Әлеуметтік желіні ашып, қазіргі бойжеткен қыздарымыздың арман-тілектері мен қояр талаптары бойынша 8 наурызда жігіттеріміз аруларға сыйлық жасау үшін орта есеппен қанша теңге шығындалатынын есептеп көрдік.
1. Дәмді ас, әдемі мейрамхана үшін екі адамға – 20-30 мың теңге;
2. 101 раушан емес, 25 раушан – 30 мың теңге;
3. Жақсы сыйлық. Тек кітап, блокноттар (қойын дәптері) емес, жігіттің таңдауына қарай. Дегенмен жақсы заттар арзан тұрмайтыны белгілі. Оған тағы 25 мың теңгені қосамыз. Орта есеппен бір күнге 85 мың теңгеден аз кетпесі анық. Алайда қыз көңілінен шығуы үшін ер жігіттер дәл осындай қаражатты тек бір күнде жаратуға дайын ба?
Алғашқы алған жауабымыз: «Қой, 85 мың теңгені бір күнде шаша салу дұрыс емес», – болады, тағы бірі: «Оданда мені дүниеге алып келген анамды қуантқаным абзал», – деген ойын айтты. Үшіншісі: «Әрине, болады. Егер ақылына көркі сай қыз болса, болашақ жарым болатынына сенімді болсам, еш нәрсені аямас едім», – дейді.
Қазір қыздардың қалауы басқа. Осыдан 10-15 жыл бұрынғы аруларымыз секілді айна мен тарақ, қойын дәптері немесе беторамал сыйлайтын болса, қабылдайтындар тым сирек. Дулати университетінің студенттері «арзан айна-тарақ сыйласа, мазақ етіп тұрғандай болады ғой» деген ойды алға тартты. Кейбіреуі: «Мұны 2-3 жасар қызға апарып беріңіз деп айтар едім», – десе, енді бірі: «Қандай сыйлық берсе де маңызды емес. Бастысы, көңіл ғой. Тек сезіммен, шын ниетпен берсе болғаны. Бірақ бұл заманда айна мен тарақ немесе беторамал сыйға тартуға болмайды. Айна-тарақтың орнына қазір «Dyson», қойын дәптердің орнына «iPhone» сыйлайды ғой», – дейді.
Иә, заман талабына сай қыздарымыздың талғам-тілегі өзгерген. Бірақ сыйластықты сыймен өлшегеннің достығы ұзаққа бармайды. Қалай десек те, қыздардың бойында қанағатшылдық жоғалмаса екен деп тілейміз. Әлемде болып жатқан оң өзгерістер қоғамымызға теріс жағынан әсер етпесе игі. Көктемдей жарқырып, гүлдей құлпырып жүрген аяулы қыз-келіншектерімізге көңілді күй мен жақсы мереке сыйлайық. «Әйел тыныш болса, әлем тыныш» деп қазақ атамыз бекер айтпаса керек.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.