Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шеге жұтып, ауыздарын тіккен: Түркістан облысында қамауда отырғандар түрме қызметкерлерінің ұратынын айтып шағымданды

0 436

Түркістан облысында қамауда отырғандар түрме қызметкерлерінің ұрып-соғатынын айтып, шағымданды. Олар наразылық акциясы ретінде шеге жұтып, ауыздарын тігіп тастаған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Наразылық білдірген сотталушылар телефонға бейнеүндеу жазып, туыстарына жолдаған. Видеода сотталғандардың кейбірі денсаулықтарының нашарлағанын айтып, медициналық көмек көрсетілмегенін мәлімдеді.

«Мені соққыға жықты. Бетімде осындай көгерген орындар қалды. Кешке қасық жұттым, қазір ол асқазанымда. Ауызымды тігіп, аштық жарияладым. Бірақ кейін күштеп ауызымдағы жіпті алып тастады. Тиісті шаралар қабылдауды сұраймын», – дейді сотталушы.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде сотталғандардың ауыздарын тіккенін растады. Сонымен қатар оларға медициналық көмек көрсетілгенін де айтты. Сотталушылардың құрсақ қуысынан ота көмегімен бөтен заттарды алып тастаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, сотталушылар наразылық акциясын мекемедегі тәртіпті бұзғаны үшін тағайындалған жазадан құтылу мақсатында ұйымдастырған. Қазір олардың талаптарынан кейін құқық қорғау органдары тергеу бастады.

«Бұл сотталушылар бірнеше рет тәртіп бұзған және мекеме әкімшілігіне қысым жасау үшін осындай әрекетке барғаны алғаш рет емес. Жоғарыда аталған деректер бойынша жедел тергеу тобы шақырылып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. 16 ақпанда қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелері келген және сотталушылар мекеме қызметкерлеріне қатысты шағым түсірмеді», – деді Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департамент басшысының орынбасары Бағдат Асылбеков.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.