Қазір бұл отбасын күллі әлем таниды. Айтбаевтар арқылы дүниежүзі халқына қазақтың отбасылық институты мәлім болды. Біз мереке қарсаңында әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің әжесі Миуа Мүбәрәкшақызымен әңгімелескен едік.
Қыз-дәурен
Миуа апамыз мектеп бітіргесін Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану-география факультетіне оқуға түседі. Ақтөбе өңірінен барған екі қыз қол ұстасып, бірге жүрген, жатақханада бірге тұрған. Қақ-соқпен ісі болмай, уақытын тек сабаққа арнайтын қос құрбы сенбіні асыға күтетін. Өйткені бұл күні олар қасындағы қыздың ағасының досының үйіне қонаққа барушы еді. Жас отбасы да бұларды ықыласпен күтіп, бар дәмдісін аузына тосатын. Бірінші курстың студенті үшін бұдан артық не бақыт бар?
Бір күні бұл әлдебір себеппен қонаққа бара алмай қалды. Құрбысы жалғыз кеткен. Кітабын қолына алып, алаңсыз сабағына кіріскен қызды бір кезде вахтаға шақырсын. Біреу іздеп келіп тұрғанын айтты. Қатты таңғалса да шықты. Сымбатты аққұба жігіт күтіп тұр екен. «Есімім – Құдайберген. Ақтөбеденмін. Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқимын. Осында жерлес қарындастарым тұрады деген соң іздеп келіп ем…», – деді жымиып. «Ақтөбеденмін» деген сөз құлағына жылы тиді. Туған ағасы іздеп келгендей қатты қуанды. Екеуі жатақхана алдындағы аллеяда біраз әңгімелесті. Сөйтсе, Құдекең бұдан бұрын да бірнеше рет іздеп келген екен. Бөлмелес жігіттері семейліктер болған. Олар, әрине өз жерлестерімен жиі араласады. Бұл да солардың отырыстарына барып жүреді. Әскерден келген, оқуын бірыңғайлап алған жігіттің болашақ жарын іздестіріп жүрген шағы. Семейліктердің арасында да әдемі, қылықты қыздар бар ғой, бірақ бұл болашақ шаңырағының отын жағатын адамның өзі туған топырақтан болғанын қалаған. Сұрастырып жүреді екен. Семейлік қыздардан педагогикалық институттың жатақханасында екі қыздың тұратынын естіген. Басқа күндері қолы тимей, сенбі күні соғады екен. Ал қыздар бұл күні қонаққа кетеді. Ақыры бір күні жоғарыдағыдай себеп болып, реті келе кетіпті.
Келін
Бірте-бірте қол ұстасып, жиі қыдыратын болды. Театрға жиі барады. Көп сөзге жоқ, барынша адал жігіттің қасында өзін еркін сезінетін. Бірнеше жыл қыз-жігіт боп жүргеннен кейін әңгімесі жарасып, сөз байласты. Бұл – 1967 жыл. Құдекеңнің әке-шешесі бұл кезде қайтыс болып кеткен, әке орнында қалған Аязбай ағасы тойды 5 желтоқсанға белгіледі.
Алайда ағасы ол уақытта келе алмайтын болды да, той мерзімі 6 қаңтарға шегерілді. Тастақтағы 156-асханаға тапсырыс беріп қойып, сол күнді асыға күтті. Ол кездегі тойлар кешкі сағат 10-дарда басталып, таңғы 6-7-лерде аяқталатын. Бұлар өз тойына автобуспен жетті. Иә, көпшілікке арналған автобуспен. Ондағылардың бәрі бұларға бақыт тіледі.
Жиналғандардың дені студенттер болғасын ба, той өте қызықты өтті. Ауылдан келген Аязбай аға мен абысыны қатты толқыды. Жастар бидің түбін түсірді. Шырқалған әндер қандай?! Таңертең өз пәтерлеріне трамваймен қайтқан жас жұбайлардың жүзі бақыттан бал-бұл жанып тұр еді.
Сол жылы Құдекең оқуын бітірді. Бұл 4-курсқа өткен. Факультеттің мандайалды студентінің бірі. Ауылшаруашылық министрлігіне кеткен күйеуі жақсы жаңалықпен оралды. Ондағылар жас маманды зор ықыласпен қарсы алыпты. Қала іргесіндегі «Ақсай» кеңшарына жолдама берген. Иә, бүгінде Алматының орталық шағынаудандарының біріне айналып үлгерген «Ақсай» ол кезде жай ғана кеңшар болатын. Министрліктегілер тағы бір жаңалықтың шетін шығарған. Келесі жылы өздеріне жұмысқа алмақ. Демек, бәрі жүзікке қас қондырғандай болып-ақ тұр.
«Үйдегі сауданы базардағы нарық бұзатыны» рас екен. Сол тұста ауылдан келген жеңгесі Құдекеңе Аязбай ағаның сәлемін жеткізді. «Ауылға қайтсын!» депті ол кісі. Ағаның сөзі талқыланбайтын заман, дереу жолға жиналды. Бұл барып, сырттай оқуға ауысу жөнінде арыз бергенде факультет басшылары қатты таңғалды: «Қалай? Үздік оқитын шәкірт. Жолдасына Алматыдан жұмыс табылып тұрған студент…». Бірақ ол кездегі әйелдің түсінігі бөлек қой. Ері қайда болса, сонда болуы керек.
Аязбай ағасы ауылда тағы да дүркіретіп той жасады. Құдекең кеңшардың машина-трактор жөндейтін шеберханасына, бұл мектепке жұмысқа орналасты. Мектеп директоры – Аязбай ағасы. Абысыны да осы мектепте жұмыс істейді.
Аязбай ағаның 6 баласы бар. Яғни, өздері 8 адам. Бұларды қосқанда 10 адам. Бәрі 36 шаршы метр үйде тұрды. Үйінен қонақ үзілмейді және…
Көп ұзамай тұңғышы Гүлзира дүниеге келді. Үйдің тарлығы сезіліп еді. Сол тұста Құдекең бас инженер болып бекіді. Бұрынғы бас инженердің үйі бұларға тиесілі екен. Кең, еңселі үй. Бірақ Аязбай ағасы үндемейді. Құдекең де бөлек шығамын дей қоймады. Бұнда тіпті үн жоқ. Әке-шешенің орнында болған, осы күнге жеткізген ағаның көңіліне тиіп алмауы керек. Ақыры не керек, әлгі үй басқа адамға бұйырды. Бірнеше жылдан кейін тағы бір үй босағанда ағасы ағайын-туысын шақырып, батасын берді. Бетіне жел боп тимеген інісі мен келініне алғысын айтты. Көп ұзамай дүниеге ұл келді. Қанат деп есімін қойды. Ол заманда жас босанған әйелдің соңынан абысын-ажыны болмаса, күйеуі бара бермейді. Бұл перзентханадан шығып, бір достарының үйінде үш-төрт күн болғанда барып, Құдекең жетті. Бір шаруаларға айналып, шыға алмапты. Үйге жеткен кезде көзіне бірден бесік түсті. Күйеуі ауылдағы шебер ұстаға арнайы жасатыпты. Қанат, одан кейін туған Нұргүл сол бесікке жатты. Бұл бесік кейін Димаш, Раушан, Әбілмансұрға да құтты мекен болды. Ағайын-туыстардың балалары да сол бесікке бөленіп, былдырлап жатты. Құтты бесік – бүгінде отбасының киелі дүниелерінің бірі. «Димаштың баласын бөлесем деп едім…» деп қалды Миуа апа. Алла ниетіне жеткізгей.
Әже
Қанат Қ.Жұбанов атындағы педагогикалық институтты бітірер сәтте бір қыз туралы жиі айтып жүрді. Есімі – Света, көрші Темір ауданының қызы екен. «Жақсы қыз!» дейді ұлы бұған. Әкесіне шешіліп әңгіме айта бермейді ғой. Көңілін анық танығасын қамсыз қалмайын деп бірде Ақтөбеге барғанда үстінен түсіп, «самаурын сырға» деп аталатын сырға сатып алды. Заттың қат кезі, дүкеншілерге тапсырыс беріп қойып, бірде сақинаны қолға түсірді. Екі неке жүзігін алып қойды. «Саусағының мөлшері қандай екенін де білмеймін ғой, білгенде де, дәл сол размерді аламын деп шалқайып отыратын қазіргі кез емес, қолға түскенініне риза боласың ол уақытта…» деп күледі осы күні.
Светаның Дариға дейтін апасы көрші тұратын. Бір күні сол арқылы әке-шешесіне хабар бергізді: «Біз құда болып, барсақ деп едік…». Жауап көп күттірген жоқ. «Күтеміз…» депті. Бұларды хан көтеріп күтіп алды. Той күні белгіленді. Ол кезде тойға қыз тарапынан ер адамдар келе бермейтін. Бұлар сол «дәстүрді» бұзды. «Бәрі келсін, қуаныш қой…». Құдасы Ермек бастап келгенде төбесі көкке жетті. Келінді тура есіктің алдына түсіретіні қазір ғой, ол заманда бірнеше шақырым жерден жаяу алып келетін. Әдетте, жеңгелері баратын жерге бұл өзі барды. Жұрттың сыпсың сөзіне қараған жоқ. Той дүркіреп өтті.
Светаның аяғы құтты болды. Әжесі Зульфияның бауырында өскен, барынша ашық, қолынан келмейтін нәрсе жоқ келін күллі әулетке ұнап еді. Жас отбасы пәтер жалдап, Ақтөбеде тұрды. Өйткені Света әлі студент-тін. Өзі секілді сырттай оқуға ауысқанын қалаған жоқ. Көп ұзамай дүниеге перзент келді. Атасы институтта бірге оқыған досының құрметіне атын Манарбек деп қоям деп шешкен. Сол күні Ақтөбеге келіп, Бақтығали Сандыбаевтың үйінде қонып шыққан. Таңертең досының шешесі «баланың атын кім қоясың?» деп сұрапты. Қамдап келсе де, үлкен кісіні сыйлап, үндей қоймаған еріне 90-нан асқан, ел-жұртқа аса беделді кейуана таң ата түсіне ақсақалды қария еніп, сәбидің атын Мұхаммед деп қою керегін айтып аян бергенін жеткізген. Үлкенді сыйлап өскен Құдекең қарсы бола қоймаған. Үй ішіне айтқанда Қанат: «Ардақты пайғамбарымыздың атын алып жүру қиын болмас па екен, Дінмұхаммед не Нұрмұхамбет деп толықтырсақ қайтеді…» деп ойын айтқан. Ендеше Димаш атасындай болсын деп ырым етіп, сәби Дінмұхаммед атанды.
Құйттақандай Димашын қолына алған сәті әлі күнге дейін есінде. Құдай-ау, құдды атасының өзі. Бірнеше күннен соң Бақтығали достың су жаңа «волгасымен» Ембіге тартты. Әкесі Мүбәрәкшаның шешесі Шәмсияға үйленгенде мал-мүлкінен бөлек, 150 күміс тиыны болған екен. Кәдімгі Николай заманындағы күміс ақша. Соның бірнеше тиыны бұған тиген. Сырға жасатқан. Ырымдап, соны баланың итаяғына салды. Сосын құдағиы Динаға ұсынды.
Бір ғажап сезімге тап болды. Жаны сәбидің үстінде. Бірден бауырына басты. Түнде де өзі қарайды. Қарны ашқанда ғана емізуге апарады. Қырқынан шығарарда иткөйлегіне талас болды. Қыздары бар, ұлы жоқ екі келіншек бет жыртысуға шақ қалған. Қазақтың ырымы кейде дәл келеді ғой, иткөйлек алған келіншек келесі жылы шекесі торсықтай ұл тапты.
Нағыз қызық жас жұбайлар Ақтөбеге кетер сәтте болды. Өй, өздері бала мыналар кішкентай сәбиді қалай бағады-ей. Оның үстіне, жалғыз ұлдың бөлек тұрғаны дұрыс емес қой. Ақылдаса келе, Ақтөбеге көшетін болып шешті. Ембідегі үйін сатып, Құдекең лауазымды қызметін, бұл мектептегі жұмысын тастап, облыс орталығына қоныс аударды. Әуелі көпқабатты үйден пәтер алып еді, тізесі ауыратын бұған кіріп-шығу қиын болғасын, жерүйге ауыстырды. 47 жасында жұмысты қойып, біржола бала бағуға бұрылды. Димаш бес жасынан бастап музыкалық мектепке барды. Бұл жаяу апарып, алып келетін. Тілі қызық еді, сұрамайтын нәрсесі жоқ. Бұл ерінбей бәріне жауап беретін. Мектепке барғанда: «Мені мамам 47 жасында туған…» деп «қырып салыпты». «Құдекеңді папа, мұны мама» деп айтады. Әке-шешесі — «Ағатай», «Света апа». Әлі күнге дейін солай.
Димаш мектеп бітіріп, астанаға оқуға түскенде, бұлар далада қалып қойғандай күй кешті. Күндіз-түні ойлайтыны «кенже ұлдың» жайы. Қанат пен Светаның мазасын алып бітті. Ақыры пәтер сатып алып, қасына көшті. Бір кезде Димаш деп Ақтөбеге келіп еді, енді Димаш деп елордадан бір-ақ шықты.
…Димаш қай жерде жүрсе де бірінші әжесіне звондайды. «Мама-ау» деген даусын естіген сәтте-ақ көзінен жас ыршып кетеді. «Адам бәріне үйренеді екен. Атақ-даңққа да, қошеметке де. Бірақ мен «үйрене алмаған» бір нәрсе бар. Ол мамамның мен қоңырау шалған шақтағы: «Құлыным» деп кемсеңдей бастайтын сәті. Әр звондаған сайын тұңғыш рет естігендей қатты толқимын. Сол сөзді қайта есту үшін тау қопаруға да әзірмін…» деп еді Димаш бірде. «Адамға өз үйінен артық мекен жоқ қой, аға. Таңертең ояна салып, асбөлмесінде бірдеңе пісіріп жатқан мамамды бір иіскеп кететін сәтке ештеңе жетпейді…», – деді бірде.
Раушан да, Әбілмансұр да ата-әжесінің бауырында өсті. Құдайға шүкір, келіні екеуінің арасында кейбір ене мен келіннің арасындағыдай кикілжің болып көрген жоқ. Ол мұның қас-қабағына қарайды, бұл да ешқашан оның жанына тиетін сөз айтқан емес. Отбасы деген көзге көрінбейтін нәзік тіндерден тұрады ғой. Ағайын-туыс, дос-жаранмен қарым-қатынасты реттейтін – әйел. Әр адамның, әсіресе, әйелдің бағы да, соры да – тілі. Соған ие болған абзал. Үлкен үй болғасын бұлардың қонағы көп. Бірақ келіні ешқашан қабағын шытқан емес. Жарқырап қарсы алып, күліп шығарып салады. Бұл – аз бақыт емес!
«Қазір қазақ көп өзгерді. Ажырасу көбейіп барады, «ішіме сыйған қызым сыртыма да сыяды» дейтін әйелдер көбейді.
Бұл – дұрыс емес. «Шыққан қыз шиден сыртқары» деген қазақ. Қызыңның әр ісіне араласа берсең, түбінде зияның тиеді», – дейді Миуа апа. Өзі қыздары тұрмысқа шығарда былай депті: «Мен осы күнге дейін сендерге беретінімді бердім. Енді маған сендерден үйдегі келінім жақын. Тұрмысқа шыққасын, барған жерлеріңнің мүддесін бірінші орынға қойыңдар. Анау-мынауды бізге айта бермей, өздерің шешіңдер». Соның арқасында, олар ешқашан шағым айтып келген емес. Құда-құдағи, күйеу балалардың алдында да жүзі жарқын.
Миуа апа бұл күнде әлеуметтік желі арқылы Димаштың тыңдармандарымен сырласып отырады. Instagram парақшасына 47 мыңнан астам адам тіркеліпті. Шетелдіктерді, әсіресе бұлардың бәрінің бірге тұратыны қатты қызықтырады екен. Бұл соны түсінбей дал. Әке-шеше баласымен бірге тұрмағанда, қайда тұрмақ? Айтпақшы, Қанат елордадан үй салып жатқанда, бұларда Ақтөбедегі өз үйінде, ағайын-туыстың ортасында қала берсек қалай болады деген ойдың болғаны рас. Балаларына айтқанда, олар шошып кетті. «Онда несіне үй салып жатырмыз, біз де осында қаламыз…» десті Қанат пен Света. Димаштың көңіл күйін айтпай-ақ қояйық. «Мен үйленген соң да бәріміз бірге тұрамыз…» депті Димаш. Сол күнге жеткізгей!
Қара қазан мен диірмен
Миуа апаның қатты қадірлейтін екі жәдігері бар. Бірі – қол диірмен, екіншісі – қазан. Бірі – енесінен, бірі – анасынан қалған мұра. Екеуінің де тарихы бар. Қол диірмен – енесі қолданған дүние. Небәрі 54 жасында дүниеден озған марқұм өлеріне көрінді ме екен, келіні Бәдиғаға: «Осы қол диірменді Құдайбергенімнің келіншегіне бер…» деп шегелепті. Сол диірмен әлі бар. Алда-жалда Айтбаевтардың үйіне жолыңыз түсе қалса, сол диірменге тартқан талқан жейсіз.
…Анасы Шәмсия күйеу баласын қатты жақсы көрді. Тек қана соның сөзін сөйлейтін. «Сен осы мені емес, Құдайбергенді туған сияқтысың…» дейтін бұл кейде ренжіп. Е, дүние-ай, ол да бір өмірдің сәулелі сәті екен ғой…
Сол ғазиз ана бұлардың ауылына келгенде қазан ала келіпті. Бір қозының еті сиятын жеңіл қазан. Сол қазан бұларға құт боп дарыды.
Айтпақшы, тағы бір қазан бар. Бұлар бөлек шыққанда абысыны берген қазан. «Өскен-өнген адамдар ғой, сол қазанын ырым ғып әлі сақтап келемін…», – дейді апамыз көзіне жас алып.
Осы жәдігерлер туралы үйде үнемі айтылады. Содан ба екен, Ақтөбеден көшкенде Света ең бірінші болып қол диірмен мен екі қазанды жөнелтіпті. Әулеттің ырысы ғой!
8 наурыз туралы
«Құдайберген аға 8 наурызда не сыйлайды?» деген сұрағыма апам әбден күліп алды. «Е, шырағым, көңілден артық не сый бар? 53 жыл бір шаңырақтың астында бақытты өмір сүріп келеміз. Ағаң қай кезде де тапқанын қолыма әкеліп берді. Ешқашан қолымды қаққан емес. Сыйлықты маған балалар жасайды. Димаш та ұмытқан емес. Ал мен үшін ең басты сыйлық – осылардың аман жүргені, отбасымның берекесі. Құдай көп көрмегей!».