Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жарнама ілуде заң бар

0 377

Жыл басынан бері қаладағы жарнамаға облыстық кәсіпкерлер палатасы зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Әр жарнаманы ілуде өзіндік ережелер мен заң бар.

Зере Қуаныш

Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен дөңгелек үстелде сыртқы жарнамаға жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесі айтылды. Жиынға қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары мен сәулет және құрылыс бөлімінің мамандары қатысып, өзара пікір алмасты. Жиынды жүргізген кәсіпкерлер палатасының әкімшілік кедергілерді азайту және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі бөлімінің басшысы Индира Молдабекова алдымен қала бойынша жарнамаға қатысты құқықтық-нормативті актілердің орындалуы мен заңда кездесетін кедергілер жөнінде айтып өтті. Ал жиынның негізгі мақсаты – мемлекеттік мекемелер мен жеке бизнес өкілдеріне жарнаманы бірыңғай орналастырудың көзін табу болды.


Тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі таңда қала бойынша сыртқы жарнама маңдайшалары мен баннерлер, түрлі афишалар заң талаптарына сай емес екен. Сондай-ақ, сауда орнының иелері салық төлемейтін көрінеді. Бұл орайда әкімдік пен «Сәулеттік бюро» мекемесі қоян-қолтық жұмыс жасап, орын алған олқылықтарды жоюда жұмыс жасауда.


– Біздің мақсат – әрбір кәсіпкерге жарнама нормаларының талаптарын түсіндіру, оның қайсысына салық төленетіндігін жіті жеткізу. Бей-берекет орналасып, қаланың көркіне көлеңке түсіріп отырған жарнамаларды талапқа сай етіп орналастыру керектігін әрбір бизнес өкіліне түсіндіру, – деді «Сәулеттік бюро» мекемесінің өкілі Дәурен Бағжанов.


Кәсіпкерлік субъектілері жарнама үшін салық төлеуден жалтармайтын көрінеді. Тек көп жағдайда олар жарнама орналастырудың заңды тәртібін білмейді. Ал кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеттерінің бірі – кәсіпкерлермен жұмыс жасау болғандықтан, алдағы уақытта бизнес өкілдерімен түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жасауды облыстық палата өкілдері жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл орайда кәсіпкерлер заңды белден баспай, ешбір айыппұл төлемей, жарнаманы орнымен ілуді білетін болады. Қала бойынша ретсіз жарнаманы былай қойғанда, сауатсыз, ұйқасы жоқ мәтіндер көзге оғаш көрінеді. Ал сала мамандарының атқарып жатқан жұмыстары нәтижесіз екен.


– Кез келген жарнаманы ілмес бұрын тілдерді дамыту басқармасымен келісу нормативі заңда қарастырылмаған. Сондықтан орфографиялық және орфоэпиялық қателерді көз көріп жүр. Заңда қарастырылмағандықтан біз кәсіпкерлермен жұмыс жасай алмай отырмыз. Жарнаманы жасаушылар қатені тексеріп, оның мән-мағынасына бас ауыртпайды да. Өйткені олар дизайнерлер немесе техниканы меңгерген, ономастикаға қатысы жоқ адамдар. Мұны жолға қоймасақ, жыртығымыз жамау күйінде қала бермек, – дейді Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыс бөлімінің бас маманы Ерлан Ермағанбетов.


Жиын соңында қатысушылар бір ауыздан қала әкіміне арнайы топ құру бойынша ұсыныс тастайтындықтарын жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.