Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алдағы 10 күннің ішінде теңге құны тым төмендеп кетуі мүмкін – ЭКОНОМИСТ

0 206

Ресей-Украина арасындағы соғыстың әсері Қазақстанға қандай болмақ? Осы сұрақ аясында “Адырна” тілшісі экономист Бауыржан Ысқақовпен сұхбат жүргізді.

-Ресей-Украина арасындағы соғыс Қазақстанға да үлкен соққы ма?

-Әрине, Қазақстан жалпы қазіргі уақытта әлем елдеріндегі интеграциялық мемлекеттер қатарында. Саяси, әскери одақтардың барлығына Қазақстан мүше боп табылады.

Енді біздің дәл екі іргеміздегі  мемлекеттің өзара қақтығысы бізге кері әсерін тигізеді. Өйткені, Қазақстан Ресей мен Еуразиялық экономикалық одақ аясында байланысы бар мемлекет.

ҰҚШҰ-ға мүшеміз. Ресейге салынатын барлық санкциялар Қазақстанға жанама әсерін тигізеді.

-Теңге құлап, доллар шарықтады. Расымен қиын кезең келе жатыр ма?

-Әрине, теңгенің қазіргі таңда долларға шаққандағы құны 470-тен асып отыр. Бізге мындай қақтығыстардан тек шығын ғана келетіні белгілі.

Мысалға айтатын болсақ, Қазақстан импортқа тәуелді мемлекет. Сырттан келетін тауарлардың басым бөлігін Ресейден аламыз.

2021 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27 млрд доллардан асты.

Осының өзі біздің өзге мемлекеттерге тауар аралық тәуелділігімізді көрсетеді. Бұл айналып келген кезде экономикалық дағдарыстың туындауына әкеп соғады.

Теңгенің құлдырап жатқандығы, ол қалай жүзеге асады деген сұрақтарға келсек, қазіргі уақытта Ресейдің рубльінің теңгеге шаққандағы құны төмендеп жатыр.

Ресейдің ірі компанияларының акциялары халықаралық нарық деңгейінде 35-40% дейін төмендеді.

Кейбірі, тіпті 70% дейін құлдырады.

Бұл теңгенің де құнсыздануына әбден себеп. Өйткені транзиттің мемлекет ретінде біз өз тауарларымызды сыртқа Ресей арқылы экспорттаймыз.

Қайталап айтамын, Ресей мемлекетіне салынған қандай да бір санкция Қазақстанға әсерін тигізбей қоймайды.

Яғни, біз бұрыңғыдай қымбат бағада тауарларымызды сата алмауымыз мүмкін. Ресей арқылы шығатын тауарларға санкция салынғандықтан, бізге де қиын болады.

Базалық ставканың өзі қазірдің өзінде 10,25%-дан, 13,5 %-ға қымбаттағанының өзі елдегі несиенің, ипотеканың қымбаттауына алып келеді. Экономикаға жанама бағыттан соққы тиіп отыр.

Теңге құны түскендіктен, мемлекет тарапынан теңгелік депозиттегі халық ақшасын 10% дейін қаржыландыру көзделіп отыр.

Мұның да барлығы ұлттық бюджеттен төленгендіктен, мемлекет тарапынан үлкен шығын болады.

-Экономикалық дағдарысты қалай тоқтатамыз?

-Болжам жасайтын болсақ, егер дәл осы екі мемлекеттегі жағдай күрделене беретін болса, онда әлі де ішкі мықты ресурстармен қамтамасыз етілмеген теңгенің құны төмендеп кетуі әбден мүмкін.

Жағдай ушыға беретін болса, алдағы он күннің көлемінде теңгенің құны 500 теңгеге дейін кетуі жаңалық болмай қалуы да ықтимал.

Теңгенің әрі қарай құнсызданып кетпеу факторларын алға тартып, солармен жұмыс істеу керек.

Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

”Адырна” ұлттық порталы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.