Қалалық қоғамдық-саяси газет

Асхат Садырбай: Блогерлер баласының жатырдан шығып келе жатқан сәтін көрсетіп, «картоп жарса» таңғалмаймын

0 335

Белгілі журналист Асхат Садырбай заманауи құндылықтар жайлы сөз қозғады. Ол қазіргі өзін «блогер» атап жүрген жандардың шектен шығып бара жатқанын ашына жеткізді. Жүкті әйелдер ішін, одан қалса толғатқан сәтін көрсететінді шығарды. Енді бір күні баланың да жатырдан шыққан сәтіне куә болса, таңғалмайтынын жеткізді, деп жазады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Садырбай Instagram-дағы парақшасында жазды.
«Құндылықтарымыз құнсызданып бара жатыр. 10-20 жылдан кейін біз үшін не нәрсенің мәртебесі биік, абыройы асқақ, маңызы зор болатыны қызық.

Тереңге бармай-ақ инстаграмдағы контентпен таңғалдыру, бұрынғыша айтқанда “жер өртеп атыңды шығаруды” алайықшы. Блогерлер, өздерін блогер деп атайтын кейбір замандастар бірінен бірі асып түсу үшін бәрін көрсетіп жатыр. Біреудің жүкті әйелінің жалаңаш қарнын көру ұят болатын, қазір мақтаныш. Жүкті блогерлер еңкейіп-тоңқайып фотосессия жасап, инстаграмды жарып жатыр. Жарыс әйтеуір.

Толғатып жатқандағы сәтті сториске салу да сәнге айналды. Алғаш көргенде абдырап қалдық көбіміз. Оны да көрсету бір қалыпты дағдыға айналып барады. Әркім өзі біледі әрине, бірақ жұртқа көрсететін және көрсетпейтін нәрселер болады ғой. Өмірдегі кейбір сәттер сонысымен де құнды емес пе?! Құпия қалмады. Бір күні кейбір “блогерлер” баласының жатырдан шығып келе жатқан сәтін салып “картоп жарса” таңғалмаймын.

Кейбір жастар мүмкін білместікпен салып жатыр дейін десең, өз қатарластарымның да біразының стористерін көріп ойланып қаламын. Біреудің өліміне барып, жаназадан контент жасау… Бұл не? Кешіріңіздер, бірақ мен үшін бұл ұят.

Бұл әңгімем біраз адамға ұнамауы мүмкін. Мақсатым солардың ду қол шапалағы мен мақтауына өтетін нәрсе жазып ұпай, оқырман жинау емес. Көзім көрген, өмірден түйген, қорытқан жеке ойым бұл», – деді журналист.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.