Бүгінде білім жүйесі педагогтардан жаңашылдық пен өзгерісті талап етуде. Бұл орайда мектеп директорларына ерекше жауапкершілік жүгі артылған. Сан түрлі жаңашылдықты басынан өткерген жетекші салада жуырда тағы бір өзгеріс орын алды. Ол – мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау.
Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Егер басшы ұзақ жылдар бойы бір білім беру ұйымын басқарса, бұл мотивацияның төмендеуіне, жұмыс барысында жаңа тәсілдердің болмауына әкелуі мүмкін. Басшылық ететін ұйымның ауысуы өзгерістерді енгізуге және басшының жұмыстағы тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді.
Ал ротациялаудың негізгі ережелері қандай? Әуелі осыған тоқтала кетсек…
«Біріншіден, бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам жұмыс істеген басшылар ротацияланады. Бұл ретте осы білім беру ұйымында лауазымға тағайындалған күннен бастап 4 (төрт) жыл жұмыс атқарған бірінші басшы ротациядан өтініші негізінде босатылып, тиісінше қолданыстағы еңбек шарты шеңберінде өз жұмысын жалғастыра алады. Алайда егер басшы аталған ұйымда 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады. Яғни бір білім беру ұйымына жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауы тиіс. Екіншіден, ротациялаудың төмендегідей шарттары бар:
– ротациялауды облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары жүзеге асырады;
– ротация бір елді мекен аумағында жүргізіледі;
– ротациялауды бір деңгейдегі ұйым басшылары арасында жүргізеді;
– ротациялау кезінде бірінші басшылардың біліктілік санаты, яғни аталған санат үшін төленетін қосымша ақы да мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.
Ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ротациялау туралы мәселені қарау үшін комиссия жұмыс істейтін болады. Тағы бір ескерерлігі, зейнеткерлікке шығуына 3 және одан аз уақыт қалған директорлар ғана ротациялаудан босатылады. Бұл үшін оның өзі өтініш жазуы шарт. Ротация- лау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі және тұтастай алғанда бұл қағидалардың жергілікті жерлерде дұрыс іске асырылуы үшін министрлік мониторинг жүргізетін болады», – делінген ведомствоның құжатында.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, ротациялау осы жылдың ақпан айының аяғы мен наурыз айының басында жүргізілмек. Алайда қанша директордың қызмет ауыстыратыны әлі белгісіз екен.
Ал бұл өзгеріс жөнінде педагогтардың пікірі қандай? Мәселен, өзі де бірнеше білім ордасын басқарған сала ардагері Нұркен Қасымова ротациялау кезінде бірқатар жайттарды ескеру керек деп санайды.
– Мен білсем, бүгінде білім беру саласында 10 мыңнан астам мемлекеттік ұйым бар. Бір ұйымда 10-15 және одан да көп жыл жұмыс істеп келе жатқандар аз емес. Әрине, олардың арасында өз жұмысын жақсы білетін және мектеп, колледж, мектепке дейінгі немесе қосымша білім беру ұйымдарының дамуына елеулі үлес қосып жүрген басшылар бар. Дегенмен 10-15 жыл бойы бір орында отырып, өздерінің бастамашылдығы мен дамуға деген ынтасын жоғалтатын мектеп директорлары да жетерлік. Сондықтан бұл өзгеріске біржақты баға беруге болмайды. Мұның жақсы жағына келер болсақ, кез келген басшы үшін өзінің біліктілігін дәлелдеп, қабілетін көрсету үшін 5-7 жыл жеткілікті. Сол аралықта қолынан іс келетін педагог өзін барлық қырынан таныта алады. Бір орында тапжылмай отыра берген басшы өзі басқаратын білім ордасын жекеменшігіндей көріп, ұжымдастарына үстемдік етуі ықтимал. Ал мұның арты жақсылыққа апармайды. Алға ілгерілеу үшін міндетті түрде өзгеріс керек. Бір кездері қазақ-түрік лицейлерінде осындай ауыс-түйістер болған. Оның жемісін бүгінде барлығымыз көріп отырмыз. Сондықтан ротация осы жағынан алып қарағанда, қолдауға тұрарлық шешім. Алайда ескеретін маңызды жайт бар. Мәселен, білім сапасы құлдыраған мектептің директорын өзінен әлдеқайда деңгейі жоғары, жетістігі көп білім ордасына басшы етіп тағайындаса, онда не болмақ? Ол бұл мектепті де бүлдірмесіне кім кепіл? Онда неше жыл жинаған абыройды шелектеп төгіп, қаншама баланың обалына қаламыз ғой. Сол үшін қызмет ауыстырғалы тұрған директорлардың жетістігін жіті назарға алған абзал. Осы мәселелер ескерілсе ғана ротациядан қандай да бір өзгеріс күтуге болады, – дейді Нұркен Нұрмаханқызы.
Ал Қордай ауданындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры Айнұр Абықаева «қосылғаштардың орнын ауыстырғанмен, қосындының мәні өзгермейді» деген пікірде.
– Біздің ауданда бұрын да мектеп директорларын ротациядан өткізіп отыратын. Одан аса қатты өзгерісті байқаған жоқпын. Мектеп оқушыларының білім сапасын көтеріп, мұғалімдердің біліктілігін арттырып, заман талабына сай инновациялық əдістерді енгізіп, жалпы ұжымды жұмылдырып, білімді, білікті, жоғары дəрежеде жұмыс атқарып жүрген директор қай мектепке барса да өзін дәлелдеп шығады. Ал, керісінше, əйтеуір «сен тимесең, мен тиме» деп директор деген атқа мəз болып жүрген мектеп басшыларын қайтеміз?! Ол басқа оқу ордасына барып, жолға қойылған тірлікті бір-ақ жылда бұзып тастамай ма? Сондықтан ротациядан гөрі басшыны білім беру ұйымына тағайындар кездегі талаптарды күшейту керек. Ол үшін талапкердің адами қасиетінен бастап, сауаттылық, білім, біліктілік, ұйымдастырушылық сынды қарым-қабілеттерінің барлығы бағаланатын əдістерді пайдалану қажет. Тағы бір айта кетерлігі, директорлыққа тағайындау кезіндегі ережеде жазылған «талапкер бір жыл міндетті түрде орынбасар болсын» деген тармақты алып тастаған жөн. Өйткені қазіргі орынбасарлардың көпшілі- гі – ұзақ уақыттан бері бір орында отырған, алды зейнеткерлікке жақындап қалған мамандар. Сондықтан олар басшы болуға ұмтылып, тест тапсырғысы келмейді. Жалындап тұрған жастар көп. Бірақ олардың дені осы қағиданың кесірінен директор бола алмай жүр. Соның салдарынан талай білім ордасында кадр тапшылығы сезілу-де, – дейді Айнұр Болатқызы.
Мойынқұм ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің директоры Гүлнұр Әбілова болса, ротациялау кезінде ұжым мен ата-аналардың пікірі ескерілсе дейді.
– Бұл жерде әр директорға жеке қарау қажет секілді. Қандай да бір оқу орнының басшысын ротациялау туралы шешім қабылдағанда, Қамқоршылар кеңесінің, ұйым ұжымының пікірін ескерген дұрыс. Егер директордың басшылығы кезінде оң үрдістер жүріп, жоғары жетістіктерге жетіп жатса, ол директорды ауыстыру орынды ма? Ротация – басшы үшін стресс. Одан құтылу үшін педагогикада жетістіктері бар басшылар мұғалімдікке кетіп қалуы мүмкін. Сондай-ақ зейнеталды жастағы директорларды ротациядан босатқанда, «онымен кейін еңбек шарты ұзартылмайды» деген талапты да енгізу қажет деп ойлаймын. Өйт-кені бұл өзгеріс барлық басшыны теңестіреді. Әйтпесе зейнеткерлікке шығуына 3 жыл және одан аз қалған басшылар ротациядан құтылады. Әрі қарай жергілікті білім басқармасындағылармен қарым-қатынасы жақсы болса, зейнеткер атанғаннан кейін де жыл сайын онымен еңбек шарты ұзартылып отырады. Бұл – әділетсіздік әрі жастардың жолын бөгеу, – деп өз ойымен бөлісті мектеп басшысы.
Ротациялау саланың екінші тынысын ашады деп санайтын басшылар да бар. Солардың бірі – Төле би атындағы №8 гимназияның директоры Әлішер Әзімбай.
– Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу дұрыс шешім деп білемін. Себебі ротация білім беру ұйымдарының жұмысының тиімділігін және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, бірінші басшылардың кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалануға, кәсіби дамуға және басқарушылық құзыреттерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ басшының кәсіби тұрғыдан тұралап қалуына да мүмкіндігі болмайды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға да ықпалы болады деп сенемін. Министрдің: «Басшы ұзақ жылдар бойы бір білім беру ұйымын басқарса, бұл мотивацияның төмендеуіне, жұмыс барысында жаңа тәсілдердің болмауына әкелуі мүмкін», – деген пікіріне өз басым толық келісемін, – дейді Әлішер Әзімбайұлы.
Тәуелсіздік жылдары реформадан көз ашпаған білім саласына директорларды ротациялау бірқатар өзгеріс әкелгелі тұр. Ал ол өзгерістің қаншалықты жемісін беріп, салаға серпін жасай алатыны алдағы уақытта белгілі болмақ. Бастысы, математиканың қағидасына сай қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен, қосындының мәні өзгермей қалмаса болғаны.
Құрбанәлі Шахабай