Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Украина 8 жыл бойы Еуропа қауіпсіздігінің сенімді қалқаны болды» – Зеленский

0 96

Мюнхен конференциясында Украина президенті Владимир Зеленский Еуроодақ пен НАТО-дан нақты шешім талап етті деп хабарлады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Конференцияда сөйлеген сөзінде Украина президенті елінің ЕО және НАТО-ға кіру мәселелеріне тоқталды.

«2014 жылдан бері Ресей біздің дұрыс жол таңдамағанымызға, Еуропада бізді ешкім күтіп отырмағанын айтып сендірді. Ал Еуропа бұның дұрыс емес екенін айтып, үнемі іс-әрекетімен дәлелдеп отыруы керек емес пе? Неге бүгінгі Еуроодақ Украинаны одаққа кіргізу мәселесінен қашқақтайды? Әлде Украина тікелей әрі шынайы жауапқа лайық емес пе? НАТО да бізге есік ашық екенін айтады. Бірақ әзірге сырттан келгендер үшін ол жабық. Бізге көптеген жылдар бойы жауапсыз келген сұрақтар емес, нақты жауап қажет», – деді Владимир Зеленский.

Владимир Зеленский Украинаның 8 жыл бойы Ресей әскерін ұстап, Еуропа мен әлемнің қауіпсіздігі үшін сенімді қалқан болғанын атап өтті. ЕО мен НАТО Украинаның ядролық қарудан бас тартқаны үшін қауіпсіздік кепілдігін де берген болатын. Нәтижесінде қазір қару да жоқ, қауіпсіздік те жоқ.

Осыған орай, Украина президенті Будапешт меморандумы аясында кеңес өткізуге бастамашы болды.

«Егер біздің мемлекет үшін қауіпсіздік кепілдігі болмаса, Украина Будапешт меморандумы және 1994 жылғы ядролық қарудан бас тарту туралы барлық пакеттік шешімдер жұмыс істемейді деп сенуге құқылы», – деді Зеленский.

Сондай-ақ, ол Еуропадағы қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін алдағы апталарда Украина, Германия және Түркияның қатысуымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – мемлекеттердің саммитін шақыруды ұсынды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.