Атырау облысында із-түзсіз жоғалған зейнеткер өлі күйінде табылды, деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгін облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі 28 қаңтарда жоғалып кеткен зейнеткердің өлі денесі табылғанын растады.
Бұған дейін Атырау облысында 65 жастағы зейнеткер 29 қаңтардан бері іздестіріліп жатқанын жазған еді. Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында тұрған зейнеткер 28 қаңтарда кешкі сағат 19:30 шамасында үйінен шығып кеткен. Содан бері оның бір дерегі шықпады.
Оны сүңгуірлер Жайық өзенінен іздеді. Алайда, іздестіру жұмысы нәтиже бермеген соң зейнеткерді іздеуге көкпаршылар қосылды.
Ал, 6 ақпанды із-түзсіз жоғалған зейнеткерді іздестір жұмысына «Казавиаспас» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы тартылды.
Тікұшақпен Махамбет ауданындағы Сарайшық және Бейбарыс елді мекендерінің маңынан 50 шақырым радиуста, Жайық өзенінің бойымен әуеден барлау жүргізілген болатын. Қазір полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр.