Qazaqstan телеарнасына сұхбат берген Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасында жазықсыз жапа шеккен азаматтардың мәселесіне тоқталды деп хабарлады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен заңгерлер енген қоғамдық комиссияның да аталған мәселеге назар аударып отырғанын жеткізді. Ал қоғамдық комиссияның жұмысына биліктің де, құқық қорғау органдарының да араласпайтынын айтты.
«Иә, бұл мәселе жөнінде жақсы білемін. Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейне үндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. «Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды. Қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар: Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын», – деді Президент.
Мемлекет басшысы құқықбұзушылық деректері анықталса, ешкімнің жазасыз қалмайтынын айтты.
«Әрбір құқықбұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. Кінәлі адамдар жазаға тартылады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды. Әсіресе, қазіргі таңда мұны ең маңызды мәселе деп айтуға болады. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару мен үшін негізгі принцип болып табылады», – деді Президент мәселенің мәнісіне тереңірек үңіліп.