Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстанның солтүстігін қоныстандыру саясаты нәтижесін берді ме?

0 387

2017 жылы Қазақстанда білікті кадрларды еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіру бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Бағдарлама солтүстік өңірдегі миграциялық дағдарыс мәселесін шешуге және солтүстік халқын қазақыландыруға бағыттала отырып, оңтүстік өңірлердегі тұрғындардың шамадан тыс болуына байланысты жұмыссыздық мәселесін шешеді деп жоспарланған. Бұл жобаны іске асыру үшін қазынадан 85 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы  «Корпоративтік секторда әйелдердің мүмкіндігін кеңейту» атты халықаралық форумда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеген болатын, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі kznews.kz сайтына сілтеме жасап.

Солтүстікке қоныс аударатын тұрғындар Алматы облысы мен қаласы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларынан болуы тиіс. Өйткені бұл аймақтарда соңғы 10 жылда халық санының жылдық өсімі 2%-ға өсіп отырады, тығыздығы 1 шаршы шақырымға 6,4 адамнан. Білікті кадрлар Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарына көшеді.

Қоныс аударушыларға қандай артықшылық беріледі?

  1. Дипломы бар жанға жұмыс тауып береді. Құжаттары қабылданған соң, субсидияға өткізеді.
  2. Екі түрлі субсидия беріледі. Біреуі – көшіп келгені үшін әр адамға табысталатын жәрдемақы. Алғашында 35 АЕК берілетін еді, кейін ҚР президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 70 АЕК-ке (194 460 теңге) өсірді.
  3. Екінші – бір жылға төлейтін пәтерақысы. Ауылды жерде бір адамға 454 500 теңге, екі адамнан төрт адамға дейін 554 500 теңге. Қалалы жерде бұдан көптеу болады.

Нәтижесі қандай болды?

Солтүстікті қазақыландыру бағдарламасы аясында соңғы төрт жылда оңтүстіктен солтүстік өңірлерге 26 мыңға жуық қазақстандық қоныс аударса, оның 9 мыңы жұмысқа орналасқан. Солтүстік өңірден қоныс аударғандардың тек сегіз пайызы ғана қайта көшіп кеткен. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов журналистермен кездесуде айтқан.

«Қайта өз мекеніне оралғандар бар. Климат қолайсыздығы, отбасылық немесе т.б. жеке мәселелер туындаған. Мұндай фактілер бар, бірақ олар соншалықты көп емес, бұл тек шамамен 8%-ды құрайды» — деді әкім.

Мамандардың айтуынша, бұл бағдарлама елді мекен аймақтарындағы мәселені шеше алмады. 2021 жылдың алғашқы жартысында Солтүстік Қазақстан облысына 2339 адам көшіп келсе, одан 4236 адам көшіп кеткен. Мына көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 2,5%-ға көп. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 1990-2020 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысында халық саны 360 мыңға азайған. Сонымен қатар, өңірдегі демографиялық өсу қарқыны республика бойынша ең төмен көрсеткішті көрсетіп тұр. Отандық сарапшы, әлеуметтанушы және Eurasian Center for People Management жоба жетекшісі Айман Жүсіпова да бұл туралы өз талдауын жасады:

«Бағдарлама жүзеге асырылған жылдар ішінде Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарынан 100 мыңға жуық адам кетті, бұл солтүстікке келген оңтүстік тұрғындарының санынан бірнеше есе көп», — дейді ол.

Жоғарыда көрсетілген статистика арқылы бағдарламамен кадрлар көшсе де, аталмыш мәселелердің шешілмегенін байқай аламыз.

Қырмызы СКЕНДИРОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.