Қалалық қоғамдық-саяси газет

Электронды билет – ел игілігі

0 490

Келешекте қаладағы қоғамдық көліктерде жолақыны қолма-қол төлеу түбегейлі жойылады.

Толғанай АТАБАЙ

Алдағы жылы қалалық қоғамдық көлік қызметі толығымен электронды билет жүйесіне енгізілмек. Қазіргі уақытта оның алғышарттары жасалуда. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде қолға алынған жоба өткен аптадан бастап №40 қоғамдық 10 көлікте тестік жүйеде тексеруден өткізілуде.


– Ілкімді іс – «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жаңа жоба. Бағдарлама негізінде 2019-2020 жылы қаладағы қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу, бейнебақылаумен жабдықтау жоспары бекітілген. Орталық диспетчерлік пункттің ұсынған бірнеше нұсқасы арқылы жаңа жүйенің тиімділігі қарастырылуда. Бір ай бойы қоғамдық көлікте көрсетілетін қызмет жүйесін жақсарту, жаңғырту жұмыстарына байланысты тексеру жүргізіледі. Жоба оң нәтиже берген жағдайда барлық қалаішілік бағытты қамтитын болады. Бұл шаралар 2020 жылы толық жүзеге асады деп жоспарлануда. Жаңа жүйенің енгізілуінің арқасында қоғамдық көлікте қызмет көрсету сапасы, жүргізушілердің және жолсеріктердің жалақысы, сонымен қатар, тасымалдаушы компаниялар табысы, бюджетке түсетін салық түсімі көбейетін болады, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.


Электронды жүйенің жұмысы қарапайым. Бар болғаны ANDROID операциялық жүйесіндегі Play Market қосымшасы арқылы «IPAY» ЖШС-мен жасақталған OyBy мобильді көмекші жүктемесін орнатып, көмекші қосымшамен автобус салондарында орналасқан «QR» кодтар арқылы жол жүру ақысын бірліктеріңіз есебінен төлей аласыздар. Сондай-ақ, банк карталарындағы қаражат арқылы да жолақыны төлеуге мүмкіндік бар .


– Қазіргі уақытта Тараз қаласында қанша адам тасымалданып, қоғамдық көлік қанша айналымда жол жүретіндігі туралы нақты ақпарат жоқ. Барлығы шамамен жасалады. Ал бүгінгі жаңа жүйе толымды ақпаратты анықтауға көмек береді, – дейді «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС директоры Марат Әлімбетов. Тұрғындарға тиімді жоба көлеңкелі кәсіптің алдын алуға да сеп болмақ. Сонымен қатар, қоғамдық көліктерде енді кондуктор қызметі болмайды. Қатынас құралы төңірегінде айтылар мәселенің бір ұшы кондуктор мәдениетіне келіп тірелетіні белгілі. Жоба тиімділігін сезінген қала тұрғыны, зейнеткер Роза Шоева болса, жолақы үшін кондукторлармен керіспей, қолдан-қолға өткен қайтарым қаржылардан гөрі автоматты жүйе арқылы гигиеналық тазалықты сақтауға болатындығын айтады.


Әзірге қала тұрғындары мен жолаушыларына жобаның жай-жапсары түсіндірілуде. Ал мамандар болса, облыс аумағында алғаш рет енгізіліп отырған бұл жүйенің тиімділігі жоғары екенін айтады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.