Мәскеуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин ұзақ келіссөздер жүргізіп, оның қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме жасады. Қазақстан Президенті елімізде ең таңдаулы деген ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылатынын айтты деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.
«Келіссөздер барысында Владимир Владимировичке Ресей Федерациясының ең танымал университеттерінің, әсіресе техникалық университеттерінің филиалдарын Қазақстанда ашуға келісім бергені үшін алғысымды білдірдім. Олар Қазақстандағы білім беру саласына үлкен үлес қосады деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол Қазақстандағы Ресейдің жетекші жоғары оқу орындары филиалдарының желісін кеңейту жөніндегі елеулі келісімдерді құптайтынын айтты.
«Қазақстанда баршаның аузында жүрген жоғары оқу орындарының филиалдары ашылады. Олар – Мәскеу инженерлік-физикалық институты, И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті, Н.Э. Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті. Бұл білім саласындағы өзара қолдаудың өте салмақты ілгерілеуі деп есептеймін», – деді Қазақстан Президенті.