Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тоқаев жалдамалы тұрғын үй бағдарламасын енгізуді кейінге қалдырмауды талап етті

0 131

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 мамырдан кешіктірмей жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды, – деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бұл бағдарлама бір жыл бұрын басталуы керек болғанын айтты.

«Баяу жұмыстан, әлде салғырттықтан мыңдаған қазақстандық әлі күнге дейін қолдау ала алмай отыр. Шенеуніктер азаматтарға тұрғын үй құнын төмендету бойынша қарапайым және түсінікті бастамадан ірі құрылыс компанияларын қолдаудың тағы бір құралын жасауға тырысты. Соңғы рет қайталап айтамын: бұл әлеуметтік бастама. «Отбасы банк» пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі субсидия алуға құқығы барлар, сондай-ақ лизингтік жылжымайтын мүлік иелері тіркелуі тиіс платформа құруы керек», – деді Тоқаев.

Президент азаматтар баспананы әкімдіктер немесе құрылысшылар айтқан жерден емес, қалаған жерінен өз бетінше таңдай алуы керек екенін қадап айтты.

«Мемлекет азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына жалдау ақысының 50 пайызы мөлшерінде субсидия төлейді. Ал отбасы қаражаты басқа да қажеттіліктерге: тамақ, білім, дәрі-дәрмекке жұмсалады. Сондықтан бұл жүйеге өтінімдерді қабылдауды бастау қажет. Мен осындай бұйрық беремін. Бұл мәселені кейінге қалдырмай, жұмысты жалғастыру керек. Ал 1 мамырдан кешіктірмей осы жұмысты аяқтап, оның қалай жүргізіліп жатқанын баяндаңыздар», – деді Мемлекет басшысы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.