Қалалық қоғамдық-саяси газет

Орал тұрғыны сүйіктісін қызғанып, кездейсоқ адамның жүрегіне пышақ сұғып алды

0 113

БҚО-да мамандандырылған ауданаралық сотында адам өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. 34 жастағы Виталий Туренков кінәлі деп танылды. Ол бірге тұратын әйелді қызғанып, көшеде тұрған адамның жүрегіне пышақ сұғып алған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

2020 жылдың 3 қыркүйегінде Туренковтың сүйіктісі азық-түлік дүкеніне шығады. Кешкі сағат 21.30-да Туренков балконнан қарап тұрған. Дүкенге жақын маңда төрт ер кісі тұрған. Олардың бірі қызбен танысқысы келген, алайда ол жауап бермеген. Алкогольді ішімдік алып, әрі қарай кете барған. Мұны көрген күдікті ас үйден пышақ алып, далаға жүгірген. Танысқысы келген азаматтың бетінен екі рет ұрып, екінші адамның жүрегіне пышақ сұғып алған. Алған жарақатының салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Судья Бақыт Ермаханов сотталушының бұған дейін де бұзақылық және ақша бопсалағаны үшін бес рет сотталғанын атап өтті.

Виталий Туренков Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, сотталушы материалдық талап бойынша 2,6 млн теңге, ал моралдық өтемақы ретінде 10 млн теңге төлеуге міндеттелді.

Айта кететін жайт, 32 жастағы марқұмның артында әйелі мен кішкентай төрт баласы қалды. Ол автосервисте басқарушы болып жұмыс істеген. 

«Сол күні достарымен серуенге шыққан. 12-де үйге келемін деген. Ол тек жанында тұрғаны үшін өліп кетті. Ешкіммен таныспады», – деді марқұмның жары Айкөркем Қуаныш.

Зардап шегуші тарап үкіммен келісетінін айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.