Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері жүкті әйелді құтқарып қалды. Ол пойыз ішінде жағдайы нашарлап кеткен әйелді дер кезінде ауруханаға жеткізіп үлгерген, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 6 ақпанда Қазақстан станциясынан 3-4 шақырым жерде болған. 38 жастағы әйел күйеуімен бірге Орал-Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызымен Ақтөбеге бармақшы болған. Алайда Қазақстан станциясынан өткен соң жүкті әйелдің жағдайы күрт нашарлап, қан кете бастаған.
«Пойыз шұғыл тоқтап, машинист-диспетчер жедел жәрдем керек екенін айтты. Оқиға орнына бірінші болып Қазақстан станциясындағы желілік полиция бөлімінің басшысы Мұқатай Аяпов келді. Пойыз далада тұрғандықтан жедел жәрдем көлігі жете алмады. Осы кезде Мұқатай Аяпов әйелді қалың қардан көтеріп алып өтіп, өз көлігімен Бөрілі аудандық ауруханасына жеткізген. Мұнда әйелге шұғыл ота жасалды», – деп мәлімдеді Транспорттық полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Әйел дүниеге қыз бала әкелді. Баланың әкесі жары мен сәбидің жағдайы жақсы екенін айтты. Ол полиция қызметкеріне өз алғысын да білдірді.