Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жоспарды орындамаған»: екі өңір әкімдерінің орынбасарлары жауапкершілікке тартылады

0 308

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында 2021 жылы нысаналы индикаторлардың орындалу қорытындысы және 2022 жылға арналған жоспарлар қаралды, деп жазды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

2021 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,2 трлн теңгені құрады. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 7,3%-ға артық. Инвестициялар өсімінің негізгі локомотивтері экономиканың шикізаттық емес секторлары болды. Мәселен, инвестициялардың нақты көлем индекстері өңдеу өнеркәсібінде 1,4 есе, құрылыста 1,2 есе, ауыл шаруашылығында 1,3 есе өсті.

Өңдеу өнеркәсібінде өсімінің неғұрлым жоғары көрсеткіштеріне металлургияда (+27%), тоқыма өндірісінде (+28%), фармацевтикада (+39%), химия өнеркәсібінде (+55%), минералдық өнімдерде (+100%) қол жеткізілді. Республика бойынша негізгі капиталға инвестициялар тарту бойынша жылдық жоспар 94%-ға орындалды.

Нысаналы көрсеткіштер Шымкент қаласында (115,5%), Ақтөбе (101,8%) және Қостанай (101,3%) облыстарында асыра орындалды. Ал ең төменгі көрсеткіштер Батыс Қазақстан (69,6%) мен Қызылорда (66,4%) облыстарында тіркелді. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша аталмыш екі өңір әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.

«Көш соңында қалған өңірлер белгіленген KPI қатаң сақтау қажеттігіне назар аударуға тиіс. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбегені үшін әкімдерге дербес жауапкершілік жүктеледі. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастырсын», – деді Әлихан Смайылов.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.