Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әр балаға 36 мың теңге көмек беру керек – Мәжіліс депутаты

0 1  344

Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Динара Зәкиева Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады, -деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы осы жылды Балалар жылы деп жариялап, бос ұрандар мен мерекелерді қойып, билік органдарына балалық шақты қорғауда нақты шараларға назар аударсын деп тапсырма берді.

Екі жыл бойы біз, Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі Кеңес, елдегі отбасы мен балаларды қолдау шараларын және 14 жол картасын зерделедік, сондай-ақ әкімдіктер құрылымына функционалдық талдау жүргіздік, қаржылануын қарастырдық.

Нәтижеге сәйкес, қазіргі жүйе қиын өмірлік жағдайдағы, қолайсыз және аз қамтылған отбасындағы балалардың құқығын қорғаудың нақты қажеттіліктеріне жауап бермейді.

Атап айтқанда, отбасылардың жағдайы бірдей емес, бір жерде ата-ана балаларын барлық қажеттіліктермен қамтамасыз ете алса, енді бір жерде ондай мүмкіндік жоқ. Кемінде 625 мың, демек әрбір оныншы бала, аз қамтылған отбасында тұрып жатыр.

Бұндай отбасыны қолдаудың бір түрі – атаулы әлеуметтік көмек. Алайда оның (жан басына шаққандағы орташа табыс пен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылықты білдіретін) мөлшері тіпті қарапайым қажеттіліктерді қамтамасыз етуге жетпейді. Мысалы, жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен 6 адамнан тұратын отбасына берілетін АӘК 7 мың теңгедей ғана.

Көмекке мұқтаж баланы немесе отбасын өздігінен анықтап, көмек көрсетудің орнына, жұмыс тек келіп түскен өтінішпен жүргізіліп жатыр. Бұған дәлел – біздің Кеңестің өзі, өңірлерді аралау барысында аз уақыт ішінде мемлекеттік бағдарламалар туралы мүлдем естімеген, қандай құқықтарының бар екендігін білмейтін, құжаттары жоқ болған соң қарапайым қызметтер мен көмек түрлерін ала алмай жүрген 200-ден астам отбасын анықтады.

Ешқашан мектепке бармаған 10-13 жастағы балаларды, аурулары барына қарамастан, туғаннан бері ешқандай медициналық тексеруден өтпеген балаларды көрдік. Бұл отбасылар туралы учаскелік полицейлер әкімдіктерді хабардар етсе де, олар адам шошырлық жағдайда өмір сүрулерін жалғастырған.

Бүгінде 1 млн 145 мың отбасы дағдарыс жағдайында, ал қолайсыз жағдайда деп есепте тұрған отбасында 12 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Нәтижесінде, әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі көбінесе бала құқықтарының бұзылуы мен қайғылы салдарларға, яғни оның балалар үйіне түсуіне және зорлық-зомбылыққа әкеп соғады. Өткен жылы екі мың сегіз жүз сексен сегіз балаға қарсы қылмыс жасалған. Демек, күніне 6 бала.

Мұның себебі неде? Функционалдық талдауымыз көрсеткендей, отбасы және бала құқықтарын бұзудың алдын алу мәселелері немқұрайды әрі соңғы кезекте қаралып жүр. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның жұмысы көп жағдайда тек формалды түрде ғана. Комиссия мүшелерінің жұмыстың көптігінен отбасыларға баратын уақыты жоқ. Ал үйлестіру мен бақылау қызметі бір ғана хатшыға жүктелген.

Осылайша, өңірлердегі жағдай әкімдіктер отбасы мен бала мәселелерін жүйелі түрде шешуден алыстағанын дәлелдейді. Өңірлердің түгелге жуығы алдағы бес жылға арналған Аумақты дамыту жоспарында бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, құқығын қорғайтын, отбасы институтын нығайтатын нысаналы индикаторларды көздемеген.

Бүгінгі таңда өкілетті органдар Балалар жылына арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Оған біз келесі тармақтарды қосуды ұсынамыз:

Бірінші. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын қолдаудың тиімділігін арттыру үшін АӘК-ті әр балаға күнкөріс минимумына дейін арттыру. Яғни 1 балаға – 36 мың теңге. Бұл үшін қосымша екі жүз жиырма бес млрд теңге керек.

Үшінші. Стратегиялық құжаттарда көрсетілген отбасы институтын нығайту, отбасылық қолайсыздықтың, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және балаларға қатыгез қараудың алдын алу жөніндегі нысаналы индикаторларды өңірлердің Аумақты дамыту жоспарларына енгізу.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.