Екпе жұмыстарының қарқын алуының нәтижесінде облысымызда карантин талаптары жеңілдетілгені белгілі. Осы орайда 21 қаңтарда Бас санитар дәрігердің №4 Қаулысы жарияланғанын айта кеткен жөн. Соған сәйкес, мекемелердің вакцина салдырмаған қызметкерлеріне 7 күнде бір рет ПТР-тестін тапсыру міндеттеледі.
Бұл шектеу медициналық қарсы көрсетілімдері бар, соңғы үш айда COVID-19 инфекциясымен ауырған азаматтарға жүрмейді. Сондай-ақ медициналық нысандарда санитарлық-дезинфекциялық талаптарды сақтау, балалар үйлеріндегі балаларға бару үшін ревакцинациядан өткенін дәлелдейтін құжатының немесе соңғы үш күнде теріс нәтижелі ПТР-тестінің болуы қажет. Сонымен қатар жоспарлы түрде ауруханаларға жатқызылатын науқастардың (оның ішінде жүкті, босанған әйелдер мен балалар да бар) ревакцинацияның толық курсынан өтуі немесе екпенің екінші компонентін алғаннан бері 6 айдың өтпеуі де аса маңызды. Ал бас санитардың 28 қаңтар күнгі жаңа Қаулысына сүйенсек, вирустың симптомсыз түрін жұқтырған науқастар 7 күнге карантинге жатқызылады. 21 қаңтардағы қаулыда бұл 10 күн деп көрсетілген.
Бүгінде №6 қалалық емханада ревакцинация қарқын алып, көрсеткіш 47 пайызды құрап отыр. Ал қаңтар айында 1799 адам ОРВИ және коронавирус белгілері бойынша емханаға жүгінді. Олардың 66-сында тест оң нәтиже көрсетті. Оның ішінде 6 науқастың жағдайы орташа ауыр. Тағы бір айта кетерлігі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «Vero Cell» (Sinopharm), «Комирнати» (Pfizer) вакциналары жеткілікті мөлшерде. Қорыта айтқанда, емханада барлық талаптар қатаң сақталуда.
Дүйсенкүл Керімбаева,
№6 қалалық емхананың бас дәрігері