Алматыдағы №2 балалар ауруханасы ата-анасы тастап кеткен сәбидің жағдайы туралы айтты. Айтуларынша, сәбидің әкесі оны балалар үйіне өткізбеуді өтініп, құжаттарын дайындап әкелетінін айтқан. Дәрігерлер сәбидің тәулік бойы жіті бақылауда екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, 1,5 жасар Тәңірбергенді видеоға түсіріп, желіде жариялаған Айдана Аллажарқызының әрекетін сынға алды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Аурухана әкімшілігі сәби 2021 жылдың 22 қыркүйегінде келіп түскенін растады. Әкесінің айтуы бойынша 17.07.2020 жылы дүниеге келген.
«Әкесімен сұхбаттасу барысында олардың тұрақты үйлері жоқ екені және баланың құжатсыз екені анықталды. Баланың құқығы мен мүддесін қорғау мақсатында ол №2 қалалық ауруханаға жатқызылды», – деп хабарланды ауруханадан.
Дәрігерлер қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының 2021 жылдың 18 ақпанындағы №52 бұйрығына сәйкес, 0-3 жас аралығындағы тастанды сәбилердің аталған ауруханаға жеткізілетінін түсіндірді.
Хабарламада келтірілген мәліметке сәйкес, ауруханаға түскен соң, баланы қажетті тексерулерден өткізген. Ешқандай патология анықталмаған. «Қазіргі уақытта бала №2 балалар ауруханасында жатыр және дені сау. Палаталарда жылы температура сақталған, балалар толыққанды тамақпен қамтамасыз етілген. Аталған бала тәулік бойы дәрігерлер мен аурухана қызметкерлерінің жіті бақылауында», – делінген хабарламада.
Аурухана әкімшілігінің хабарлауынша, әкесі Тілепбаев М.А. екі рет келіп, сәбиді балаларға арналған мамандандырылған үйге жібермеуді өтінген. Әкелігін растайтын құжаттарды қалыпқа келтіретінін айтқан. Сәбидің анасы отбасын тастап, белгісіз бағытқа кетіп қалған. Ал баламен жалғыз қалған әкенің тұратын жері жоқ.
«Аурухана тарапынан аталған факті Әуезов ауданының қамқоршылық органына берілді. 2021 жылдың 18 қарашасында Әуезов аудандық әкімдігіне қарасты кәмілеттік жасқа толмаған балалардың құқығын қорғау бойынша ведомствоаралық комиссия аталған материалды қарады», – дейді аурухана әкімшілігі.
Сондай-ақ, қамқоршылық органдары мен №2 қалалық аурухана заңгері балаға есім беру туралы Акт құрып, өтініш хатпен бірге Әуезов аудандық әкім аппаратының азаматтық хал актілерді тіркеу бөліміне жіберілгені айтылды. Туу туралы куәлігін алғаннан кейін, 1,5 жасар Тәңірберген балалар үйіне жіберілмек.
Аурухана әкімшілігі баланы видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған Айдана Аллажарқызының әрекетін теріс бағалады. Баланың құқығы мен жеке өміріне қол сұғушылық бұзылғаны атап өтілді.
Ал қазақстандықтар аурухана әкімшілігінің бұл мәлімдемесімен келіспейтіндерін жеткізді.
«Шу көтермесе, бала сол күйі терезесі жоқ, салқын бөлмеде қалар ма еді?», «Киімі мен тәпішкесі пайда болып, баланы қолға да алыпты», «18 қарашадан бері қанша уақыт өтті, сәби маугли сияқты жалғыз болған», «Айданаға алғыс айтуымыз керек, ол болмаса, ешкім қимылдамас еді», «Баланың құқығын бұзды? Ол сәбидің өмірін құтқарды. Басында баспанасы болмаса, оның әкесін несіне күткен?», – деп шамданды пікір қалдырушылар.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде ата-ананың қарауынсыз ауруханада қалған 1,5 жасар баланың видеосы шу тудырды. Видео авторы – ауруханаға қызымен бірге түскен Айдана Аллажарқызы баланың терезесі жоқ, тар палатада жатқанын, 5 айдан бері ата-анасы келмегенін айтқан еді.