Қалалық қоғамдық-саяси газет

«10 күндік карантинге 750 мың теңге төледік»: Жұмақ арал Пхукетке сапар қазақстандық отбасылар үшін күйзеліске айналды

0 233

81 қазақстандық Таиландағы Пхукет аралынан елге қайта алмай отыр. Азаматтар Қазақстанда Төтенше жағдай орын алған соң сапарлары созылып, елге орала алмай қалған. Көбінің ақшасы таусылып, шығынға батқан. Тұрғылықты орын үшін, ПТР тест пен билеттер үшін қыруар ақшамыз кетті, қаражатсыз қалдық деп отыр. Stan.kz тілшісі Пхукетте қалып қалған отандастарымызбен сөйлесіп, қазіргі ахуалды білді.

Атырау қаласының тұрғыны Айнагүл Ищанова Пхукет аралына үш баласымен 5 қаңтарда келген.

Барар да және елге келгенде COVID-19-ға тапсырған тесті теріс нәтиже көрсеткен. Алайда Таиландқа келгеніне төрт күн өткен соң алты жастағы баласының ковид жұқтырғаны анықталады.

Сапар 7 күнге арналған еді, кетуге екі күн ғана қалған, дейді Айнагүл.

“Жолдаманы желтоқсанда алдым, рәсімдеу кезінде екі сақтандыру алу керек. Бірі – барлық аяқ-асты жағдай үшін сақтандыру, екіншісі – қосымша ковидке қарсы сақтандыру. Барар кезде, әуежайда тест тапсырғанда теріс нәтиже шықты. 9 қаңтарда анализ тапсырдық, 10 қаңтарда нәтиже шыққанда екі балам және менде теріс нәтиже шықты, ал алты жастағы баламда оң нәтиже көрсетті”, – дейді ол.

Осыдан соң Айнагүл сақтандыру қызметіне жүгінген.

“Cақтандыруды, төлқұжатымызды жібердік, олар аурудың белгілері бар ма деп сұрады. “Жоқ” деп жауап бердім. Сөйтсем белгілері жоқ ковидке сақтандырудың басқа түрі бар екен және ол өз қалтамыздан төленетін болып шықты. Ал біздің сақтандыру тек медициналық болып саналады және ол қабыну кезіндегі ауруды емдеуге арналған.

Осылайша Айнагүл үш баласымен 10 күнге карантиндік госпитальға жатады.

Осы күндер үшін әйел 750 мың теңге төлеуге мәжбүр болған.

“Әр адамға үш уақыт тамақ берілді. Бәріміз бірге тұрдық. Ешқандай жеңілдік болған жоқ. Бұл сома жеңілдікпен есептелгендегі сома деді. 19 қаңтарда бізді карантиннен шығарды.

Біздің визамыз кеше бітті, бірақ консул өкілдерімен келісіп, айыппұл төлемейтін болдық. Негізі әр төлқұжат үшін күніне 6500 теңге айыппұл, бір аптаға визаның көлемін ұлғайту 25 000 теңге тұрады”, – дейді ол.

Айнагүл жеке кәсіпкерлікте жұмыс істейтін болғандықтан, басшылық түсіністік танытты дейді. Ал туроператор қонақ үй үшін өздері төлеп берген.
“Қазақстан елшілігі бізді елден алып кетеді деп келістік. Енді елге қайтуымызды тезірек ұйымдастырса деп күтіп отырмыз. Себебі Алматыдан соң Атырауға бару керек”, – дейді Айнагүл.

Алматылық 36 жастағы Оксана Ким қызымен бірге Пхукет аралына 2 қаңтарда келген. 

Өзінің айтуы бойынша, екі күннен соң 38,4 градусқа дейін қызуы көтерілген. Осы кезде ол өзінің сақтандыру қорынан дәрігер шақыртуын сұрайды. Жағдайы нашарлағандықтан ешқайда шыға алмайды. Алайда сақтандыру агенті дәрігердің ол жаққа келмейтінін, тек ауруханаға бару қажеттігін айтады.

“6 қаңтарда мен екінші ПТР тапсырдым,  COVID-19 бойынша оң нәтиже шықты. 10 күн карантинде қонақ үйдегі бөлмеде жаттым”, – дейді ол.

Оксана Ким сақтандыру компаниясының немқұрайлығына шағымдануда.

“Онда бізге тұру үшін тек бір ваучер төленеді деп айтылды. Бізде екі адамға арналған сақтандыру болды. Біздің нөміріміздің құны тәулігіне 212 доллар, бұл карантиннің 10 күні үшін 2120 доллар болады. Бірақ сақтандыру төлемнің тек 1001 долларын ғана төледі, қалғанын өзіміз төлеуге мәжбүр болдық.

9 қаңтарға дейінгі төлемді жасаған болатынбыз, ары қарай 17 қаңтарға дейін төлеуіміз керек еді. Оған біздің ақшамыз жеткен жоқ, елшінің арқасында ғана қонақ үй алдындағы қарызымызды жаптық. Басқа қонақ үйлерде қазақстандық туристерді далада қалдырып жатты. Бірақ біздің жолымыз болды, қонақ үй менеджері үлкен сыпайылық көрсетті. Мен өмірімде жиі саяхаттасам да, ешқашан сақтандыруды пайдаланған емеспін. Бірақ ол әрдайым ол үшін төлейтінмін. Бірінші рет оны қолданғанда, оның не екенін түсіндім. Сақтандыру қызметкерлері –  нағыз тонаушылар”, – дейді ол.

Айтуынша, карантиннен шығып, қонақ үй алдындағы шығыннан құтылған соң ақшалары таусылған.

“Елшінің арқасында ғана қонақ үйде тегін тұрып жатырмыз, онда тек таңғы ас береді. Бірақ біздің елге қашан оралатынымыз үлкен мәселе болып тұр. Туроператор да, әуекомпания да бізді елеп жатқан жоқ.

Туроператорлар мен әуекомпанияларына қатысты шаралар қабылдау үшін көмек сұраймыз! Адамдар балаларын немен тамақтандырарын білмей жатыр. Ал  елшілік барлығына бірдей көмектесе алмайды. Біз үйге қайтуымыз керек!”, – дейді ол.

Аралға бес адам болып келген Серіктің айтуынша, сақтандыру қоры, тур операторлар отбасына қиын кезде қол ұшын бермегенін айтады. 

“Елшілік біреулерге көмектеседі, біреулерге көмектеспейді. Ал сақтандыру қоры мүлдем байланысқа шығып жатқан жоқ. Тур операторымыз бізді, 5 адамды мүлде тастап кетті. Бізден басқа тағы да бірнеше отбасы бар. Сол үшін көп адамда ковид тесті оң нәтиже көрсеткендіктен 10 күндік карантинге жабылды. Сондықтан олар рейстерін жіберіп алды”, – дейді ол.

Қонақ үй, виза, тамақ үшін өзіміз төледік, дейді қазақстандық.

“Одан бөлек, 100 доллар тұратын ПТР тестін өту керек. Жеңілдіктер болған жоқ. Өз бетімізше билет сатып алдық.

Біз 16 қаңтарға дейін карантинде болдық, 9 қаңтарда ұшуымыз керек еді. Кейбір туроператлары өз туристері үшін қонақ үйлерді төлеп, билеттерін сатып алып жатыр. Ал басқаларынікі көмектесіп жатқан жоқ. Осыған байланысты туристердің біріне билеттер төленген, ал біріне төленбеген деген екі түрлі ақпарат тарап жатыр.

Оң нәтиже көрсеткендерді жеке нөмірге шығарды. Осыған байланысты жеке номер сатып алуға тура келді. Сақтандыру бұл жағдай төленбейтінін айтты. 9 қаңтарға дейін тамақтандырды, бірақ оған тек таңғы ас кірді.
Визаны өз қалтамыздан ұзарттық. Әр адамға шаққанда 60 доллардан шықты. Жұмысты қашықтан істеп жатырмыз, балалар онлайн оқуда”, – дейді Серік.

Таиландтағы қазақстандықтардың мәліметінше, Пхукет территорисында 80-нен аса адам бар. Олардың көбі «SCAT Airlines» рейсімен келген және үйлеріне қайта алмай отыр. Айтуларынша, әуекомпаниялары жауапкершілікті тур операторларына жүктесе, олар сәйкесінше сақтандыру қорларына жүгінуді сұрайды, ал сақтандыру қорлары байланысқа шықпай отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.