Қалалық қоғамдық-саяси газет

1990 жылдардағы министрлер қазір қайда жүр?

0 729

Премьер-Министр Сергей Терещенко бастаған Қазақстанның алғашқы үкіметі 1991 жылғы 16 қазанда құрылды. Оның құрамына 30 министрлік кірді. Сол кездегі министрлер қазір немен айналысып жүр?

Сергей Терещенко

Сергей Терещенко
Сергей Терещенко. Фото: Еldala.kz

1991-1994 жылдары Қазақстанның бірінші премьер-министрі болды.

Биыл Baitassov Live YouTube-арнасына берген сұхбатында 10 жылдан бері омарташылықпен айналысып жүргенін айтқан. 2010 жылы наурызда Қазақстан омарташыларының ұлттық одағын құрған. Сергей Терещенконың айтуынша, елдегі бал өндірісін 15 есе арттырған.

«Қазақстандықтар жыл сайын 450-500 мың тонна қант жейді. Бұл қалыпты жағдайдан екі есеге көп. Сол үшін бал нарығын ашып, дамытайық, оны экспортқа шығарайық деп үкіметке айтып жүрмін. Мүмкіндік берілсе, 100 мың жұмыс орнын ашамын, ешкімнен ақша сұрамаймын. Тіпті, қажет болса, астананың айналасына 20-30 бал конвейерін отырғызсақ, Нұр-Сұлтанды бал астанасына айналдыруға болады», – дейді Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі.

Сергей Терещенко жаңғақ бағын ашқан. Сонымен бірге шетелдік кафенің франшизасын сатып алып, екі кафе ашқан. Қазір оны қыздары басқарады екен.

«Кішігірім екі кафені жүргізіп жатырмыз. Кофені өзіміз алып келіп, қуырамыз. Осы бизнес үшін немерем мейрамхана ісі мамандығын оқып жатыр», – деді ол.

Сергей Терещенко су электр стансасын тұрғызып жатқанын да айтты. Алматы әкімдігіне экологиялық таза қала құру туралы ұсыныс тастаған.

Қадыр Бәйкенов

Қадыр Бәйкенов 
Қадыр Бәйкенов

1991 ж. маусым – 1993 ж. қаңтар аралығында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, 1992 – 1994 жылдары ҚР Энергетика және отын ресурстары министрі болған. 

1999 жылдан бері «Инвестконсалтинг» компаниясының президенті қызметін атқарады. Компания коммерция қызметі және басқару мәселелері бойынша консультация берумен айналысады. Statsnet.co сайтының мәліметінше, 2021 жылғы табысы – 372,2 млн теңге.

Қадыр Бәйкенов биыл 2 желтоқсанда ҚР Президентінің жарлығымен “Парасат” орденін алды.

Төлеутай Сүлейменов

Төлеутай Сүлейменов
Төлеутай Сүлейменов. Фото: ҚР СІМ

1991-1994 жылдары ҚР Сыртқы істер министрі болды. 

Төлеутай Сүлейменов 2012 жылдан бері ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының профессоры. Оның қызы Айдан Сүлейменова «Аяла» қайырымдылық қорының президенті, ұлы Диас Сүлейменов кәсіпкер, «Қамқор Менеджмент» ЖШС бас директоры.

Ғалым Әбілсейітов

Ғалым Әбілсейітов
Ғалым Әбілсейітов. Фото: Zonakz.net

1992-1994 жылдары ҚР Ғылым және жаңа технологиялар министрі болған.

Ғалым Әбілсейітов – 1994 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру бастамасын көтергендердің бірі. Ол КСРО Ғылым академиясының лазер технологиясы жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының бірінші директоры болған, лазер техникасы саласындағы маман. Қазір саясаттан түбегейлі кетіп, тек ғылыммен айналысып жүр. Ғалым Әбілсейітов 2020 жылы Adyrna.kz порталына берген сұхбатында қазір Мәскеуде тұратынын, болашақта елге қайтатынын айтқан.

«Мәскеулік достарым бұрыннан жұмыс істеп тұрған бизнес-жобасына қатысуға шақырған. Қарсылық білдіре алмадымҚазіргі жұмысым отбасымды және өзімді  қамтамасыз етуге және Отаныма оралғаннан кейінгі өміріме қажетті қор жиып алуға мүмкіндік береді», – деді Adyrna.kz-ке берген сұхбатында.

Сонымен бірге Ғалым Әбілсейітов қазір Қазақстанның тарихы туралы кітап жазып жатқанын айтқан.

«Мені «сыртта жүрсіз, туған жеріңізден жырақ жүрсіз», «тек сырттай ғана бақылап жүрсіз» деп қайта-қайта айттыңыз. Сенсеңіз, ұйықтарда туған елімді ойлап жатамын, туған жерімді ойлап оянамын. Қазір Қазақстанның тарихы жайлы материалдарды жазуға кірістім. Алла сәтін салса, жеке кітап болып шығып та қалар», – деді ол.

Шамиль Бекбулатов

Шамиль Бекбулатов
Шамиль Бекбулатов. Фото: Neark.kz

1992 жылға дейін ҚР Көлік құрылысы министрі болған.

85 жастағы Шамиль Бекбулатов қазір ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі. Академияның сайтында оның «HotelBerkana» ЖШС директоры екені жазылған. Қазір Алматыдағы қонақүйді қызы Найля Бекбулатова басқарады.

Сонымен бірге Шамиль Бекбулатов Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының атқару комитеті мүшелерінің қатарында тұр.

Нығметжан Есенғарин

Нығметжан Есенғарин
Нығметжан Есенғарин

1991-1994 жылдары ҚР Көлік министрі болды.

Ол қазір еңбек ардагері, 1998 жылдан бері Халықаралық көлік академиясының мүшесі болып келеді. Сонымен бірге «Транс-Экспресс Қазақстан», «Транс-LOGISTICS Қазақстан» және «Время в пути» журналдарын басқарады. «Транс-Экспресс Қазақстан» редакция-баспа орталығының атқарушы директоры қызметін туысы Жанна Есенғарина атқарады.

Биыл Нығметжан Есенғарин Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Бірғаным Әйтімова

Бірғаным Әйтімова
Бірғаным Әйтімова. Фото: Sputnik

1993-1996 жылдары Жастар ісі, туризм және спорт министрі болды.

2019 жылдың қазанынан бері Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.