Қарағанды облысында ірі қарадан аусыл шықты. Мал дәрігерлері ауырған малды өртеп жатыр, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Шет ауданындағы бір шаруа қожалығының сиырлары жаппай аусылға шалдыққан. Ветеринарлар ауырған сиырларды өртеп, сол маңайды карантинге жапты.
Желіні ісіп, аузы-мұрнынан көбік аққан ірі қарадан сынамалар өткен айда алыныпты. Зертхана қорытындысы олардың аусылға шалдыққаннын растаған соң, Талдыбұлақ елдімекені карантинге жабылды. Бұл жерден ет-сүт өнімдерін шығаруға тыйым салынды. Қазір осы өңірдегі барлық ауылда аусылдың бар жоғы тексеріліп жатыр.
Әзірге ветеринарлар ауырып тұрған 25 сиырды «өртейміз» деп отыр. Қалған аша тұяқтылар бақылауға алынған. Малда ауру белгілері байқалса бірден көзі жойылады.
“Ірі қара басын қансыз – өртеп жоямыз. Содан кейін мал иесінен республикалық бюджет есебінен нарық бағасымен Шет ауданы әкімдігінің бекіткен комиссия мүшелерімен өтемақысы төленеді. Іргелес орналасан елдімекендерде ауру тіркелмеген жағдайда 21 күннен кейін карантин алынады”, – дейді Қарағанды облысы ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков.