Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алматыдағы тәртіпсіздіктер: 766 «Сергек» камерасы бүлінген

0 307

  Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде құны 500 миллион теңгеге жуық бейнебақылау камералары бүлінген. Бұл туралы әкімдіктің штаб отырысында Цифрландыру басқармасы басшысы Баян Қоңырбаев мәлім етті, – деп хабарлайды «JambylTaraz» ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Спикердің айтуынша, қалада 11 мыңнан аса бейнебақылау камералары Полиция департаментінің жедел басқару орталығына біріктіріліп, олар арқылы тәртіпсіздіктер мен тонауға қатысушылар бақылауға алынған. Қаңтардағы оқиғалардан кейін Алматыда 766 «Сергек» камерасы бүлінген.

«17 қаңтарда таңертең 485 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені қалпына келтіріліп, жедел басқару орталығына қосылды. Оның 20-сын бүгін таңғы сағат 7-де қостық. 75-тен астамын кешенді тонаушылар бұзды, бірақ 30-дан астамын қалпына келтірдік. Қалпына келтіру бойынша жалпы сома 250 миллион теңгеден аспайды. Барлық кешенді биыл қаңтардың аяғына дейін толық іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Қоңырбаев.

Сондай-ақ, ол саябақтарда, скверлерде «Адам көп жиналатын орындардағы жағдайды бейнебақылау жүйесінің» 1000 камерасы бар екенін айтты. Тәртіпсіздік кезінде шабуылдаушылар оның 242-сін зақымдаған.

«Тонаушылар бұл камераларды әдейі қиратты. Камералар 30 есеге дейін ұлғайту мүмкіндігімен жақсы жабдықталған. Өндірушімен тікелей хабарласқанымызда, қоймаларда бұл камералар жоқ екен. Болжалды жеткізу уақыты – 2022 жылдың наурызы. Бірақ қазір оларды басқа өндіруші камераларына ауыстыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қаржыландыру республикалық бюджеттен бекітілген. Жалпы сома 226 миллион теңгеден аспайды», – деді ол.

Қоңырбаев аула аумақтары мен кіреберістерде 400-ден аса камера орнатылғанын айтты. Биылғы шілдеге дейін тағы да осындай 3500 камера орнату жоспарланған.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев камераларды қирату – тонаушылардың емес, лаңкестерің ісі екенін айтты.

«Қарапайым мародер оны білмейді. Себебі олар мақсатты түрде қиратқан, олар алдын ала дайындалған адамдар. Бейнекамералардың «өзегін» қиратқан. Не істеу керегін білді, қарапайым мародер одан бейхабар. Яғни не қайда орналасқанын білген, дайындалған, нағыз қылмыскер, террористер. Өзіміз де нысандарды аралаған кезде барлық жерде серверлерді тауып алғанын көрдік. Бәрін тауып, көзін құртқан. Яғни нысандарға кіріп, бірінші кезекте серверлерін құртқан», – дейді Сағынтаев қалалық штаб отырысында.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.