Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенті Мәжілісінің отырысында «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» тақырыбында жасаған баяндамасын талқылау бойынша қалалық мәслихаттың кеңейтілген жиыны өтті. Басқосуға қала әкімінің орынбасары Дәулет Әбілқайыров, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев, қоғамдық кеңес төрағасы Сембек Сейдәзімов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрайым Күләш Әбідкешова, Тараз қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Семейхан Сексенбаев және мәслихат депутаттары мен бөлім басшылары қатысты.
Жиында сөз алған Батырбек Әбдірәсілұлы Президент жүктеген тапсырмалардың маңызды тұстарына тоқталды.
– Мемлекет басшысының бұл тапсырмалары елде болған қасіретті оқиғадан сабақ алу, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық жағдайды реттеуге бағытталғаны белгілі. Әуелі Ата Заңға сәйкес Үкімет мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын, оның қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте жауапты болады. Үкіметсіз мемлекет болмайды, сол себепті жаңа Премьер-Министрді шұғыл тағайындау және Үкімет құрамын бекіту қажеттілігі туындады. Бұл ретте Президент пен Мәжіліс өздерінің конституциялық міндеттерін халық мүддесі үшін нақты және үйлесімді орындай білді. . Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жағдайды қалпына келтіруді жеке жауапкершілігіне алатынын, сол арқылы жаңа міндеттер мен реформаларды іске асыруға толық дайын екендігін ерекше атап өтті. Президент ел дамуының барлық негізгі бағыттары бойынша іске асырылып жатқан жобаларға сыни және кешенді талдау жасады. Біз де барлық бағдарламаларды, жобаларды, тіпті бірқатар ұйымдардың жұмысының орындылығын қайта қарауымыз керек. Негізгі міндет – азаматтарды, конституциялық құрылымды және мемлекет мүддесін қорғау. Күштік құрылымдарды түбегейлі реформалау бағытын іске асыруды қамтамасыз ету үшін Президент тұтастай алғанда күштік құрылымдардың, атап айтқанда арнайы мақсаттағы күштердің жауынгерлік әзірлігі мен жарақтандырылуын арттыру жөнінде тапсырма берді. Мемлекет басшысының айтуынша, полицияның құқықтық қорғалуын да күшейту маңызды. Билік өкілдеріне құрмет елдегі құқықтық тәртіпті сақтаудың маңызды шарты саналатыны сөзсіз. Сол себепті қаңтар қасіреті баршамызға сабақ болуы тиіс, – деген мәслихат хатшысы жұртшылықты Президентіміздің шешімдерін қолдап, соның айналасына топтасуға шақырды.
Әрі қарай сөз сабақтаған жиынның өзге де қатысушылары елде қалыптасқан ахуал жөнінде орамды ойларын ортаға тастап, туындаған мәселелерді шешу бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Құрбанәлі ШАХАБАЙ