Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар тұрақтылықты қолдайды

0 200

Кез келген әлеуметтік түйткілдің түпкі себебі жұмыссыздықта жатыр. Әсіресе, жастарды, әлеуметтік тұрғыда қолдауды қажет ететін санаттағы азаматтарды нәтижелі еңбекпен қамту мәселесі өте өзекті. Жас мамандар қолына диплом алған соң қайда барарын білмей, сандалып қалмауы тиіс. Парламент Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік туралы сөз қозғап, Үкіметке әлеуметтік кодекс қабылдауды тапсыруының мәні осында жатыр деп ойлаймын.

Президент әлеуметтік кодекс жаңа «қоғамдық шарттың» негізгі элементі болуы тиіс екендігін атап өтті. Сондай-ақ жұмыссыздықты, әсіресе жастарды жұмыспен қамтуға баса көңіл бөлу қажеттігін ескертті. Жалпы жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектері, әсіресе, арнайы кәсіби біліктілігі жоқ жастарға тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасудың қиын екендігі белгілі. Алпауыт компаниялар мен ірі өндіріс орындары тәжірибесіз мамандарды жұмысқа алудан қашады. Кей жағдайда еңбек ауыр, талап қатаң болғанын, еңбекақының аз екенін алға тартып жастардың өзі бір жерде тұрақтамай жатады.

Жас кадрлардың алғашқы еңбек тәжірибесін жинап әрі табыс табуына мүмкіндік арнайы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қарастырылғаны рас. Алайда айлық жалақысы төмен. Президент Үкіметке жас мамандардың алғашқы жұмыс орны жобасы – «Жастар практикасының» мерзімі мен еңбекақы мөлшерін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды тапсырғаны – бізді қуантты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жастардың және халықтың осал топтарының іскерлік бастамаларын іске асыру үшін жағдай жасауды тапсырғаны – ертеңге деген сенімімізді нығайтып отыр.

Арнат Ұлтанбаев,

М. Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.