Қазіргі таңда халықтың әл-ауқатын арттыру, кәсіппен айналысуына бар жағдайды жасау мемлекеттің алдында тұрған ең басты саясатының бірі болып қала бермек. Оның үстіне шағын және орта бизнес субъектілерінің аяққа тұруы – өз кезегінде еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарынан ойып орын алуына бастар басты бағыттардың бірі.
Бұл ретте Жамбыл облысы аймақтардың алды болып, бұрын-соңды болмаған жобаны қолға алған. Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға негізделген.
Ашығын айту керек, бүгінде ауылдардағы жеке қосалқы шаруашылық жерлерін ұтымды ұқсату ойдағыдай емес. Оны тиімді табыс көзіне айналдыру – тұрғындардың тікелей өзіне байланысты болып отыр. Ал, жоба аясында жергілікті халыққа қолдау мүмкіндігі ретінде 2,5 пайызбен несие беріледі.
Бұл күнде облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жоба нақты жүзеге асуда. Оған жоба аясында пилоттық округтердегі тиімді несиеге қол жеткізіп, қорасын малға толтырып жатқан ауылдықтардың тыныс-тіршілігі дәлел.
Бүгінде Өрнек ауылдық округінде іске қосылған пилоттық жоба үй іргесіндегі жер учаскелерді тиімді пайдалану, мал шаруашылығын дамыту, егістік жерлерді тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қажетті техника мен жабдықтар сатып алу, ауылшаруашылық өндірістік кооператив саласындағы тауарларды өндіру, өңдеу және қайта өңдеуге бағытталған несиелендіру бағыттары бойынша жүзеге асырылуда.
Жоба бойынша берілген мәліметке сүйенсек, 3 ауыл тұрғыны үй іргесіндегі жер учаскелеріне жылыжай орнату үшін тиісті мекемеге құжаттарын өткізген. Мал шаруашылығын дамытуға ниет білдірген 120 тұрғын жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие алу үшін құжаттарын тапсырған. Соның ішіндегі 93 тұрғынның құжаттары заң талаптарына сәйкес рәсімделіп, 59 азаматтың шотына 215 млн 840 000 теңге несие қаржылары аударылған. Оның 23-і жалпы саны 854 бас уақ малды, 57 бас жылқыны, 27 бас мүйізді ірі қараны Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесіне тіркеген.
27 тұрғын қажетті құжаттарды жинауда, сонымен бірге кепілді бағалаудың қорытынды құжатын күтуде.
Ауыл тұрғындары бірлесіп жұмыс атқару үшін «Өрнек-Даму» ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрған. Жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен алынуға жататын ауылшаруашылық техникалары №17 Жамбыл колледжінің базасында орналастырылады. Алынуға тиіс техникалар шаруақожалықтарының, тұрғындардың маусымдық егін егу, жинау жұмыстарының қажеттіліктерін қанағаттандырады. Қазіргі таңда құны 16 млн 800 мың теңгені құрайтын 1 ауыл шаруашылығы техникасына, 2 тіркемеге алдын ала тапсырыс беру үшін тиісті құжаттар өткізілген. Өндірістік кооператив тұрғындардан сүт өнімдерін жинап, заводтарға өткізуді жоспарлап отыр.
Екі ауыл азаматы өз кәсібін ашу үшін жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие алуға құжаттарын тапсырған. Бірінің бизнес жоспарында кондитерлік цех пен наубайхана көрсетілсе, екіншісінде ауыл іргесінен жеміс-жидек өңдеп, дайын тауарды нарыққа шығару мақсатында жылыжай салу көзделген.
Жобаға қатысушы шаруа Әзімбек Ташметовпен әңгімелескенімізде, ол: «Бұл жоба үйінде жұмыссыз отырған азаматтар үшін жамбасына оңынан келген игі бастама болды. Әрі десе өзіңді жұмыспен қамтисың. Сүт өндіріп, мал бордақылайсың. Үйіңе табыс кіреді. Қысы-жазы айналысатын шаруаң болады. Үйде құр қарап отырмай, мал бордақылаумен, сүт өндірумен айналысасың. Алған несиенің пайызы төмен. Бір жыл каникулы бар. Несиеңді бір жылда екі бөліп төлеу біз үшін тиімді. Шаруа адамға бұдан артық қандай қолдау керек», – деп ағынан жарылды.
Округ әкімі Әзиз Мәнтеевтің «Өрнек-Даму» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі туралы айтқан сөзіне сүйенсек, кооператив өз мүшелеріне көмектесумен қатар олардың өндірген өнімін қабылдан, облыс тұтынушыларына делдалсыз өткеріп отырмақ. Мұнда облыстық тұтынушылар кооперативінің сұранысын орындау олардың міндетіне кіреді. Бұл бірінші кезекте бақша өнімдерін, сүт пен ет өндірушілер үшін тиімді. Олар бұрынғыдай өндірген өнімін қайда өткіземін деп алып сатарлардың арбауына түспейтін болады.
Ильяс Қалыбеков
Жамбыл ауданы.