Мемлекет басшысының Мәжілісте сөйлеген сөзін бүкіл қазақ халқы, соның ішінде Жамбыл жұртшылығы да асыға күткені анық. Президент бағаның көтерілуіне баса мән берді. Мәселен, бір айдың ішінде кез келген әлеуметтік тағамдар, жанар-жағармай, сұйытылған газдың бағасы шарықтап кетті. Осылардың барлығы тиісті министрліктің, Үкіметтің жүйесіз жұмысынан болып отыр. Сондықтан Президенттің Үкіметті отставкаға жіберуі – бұл Үкіметке көңіл толмағандықтан туындаған мәселе.
Міне, біз жаңа кезеңге өтіп, жаңаша өмір бастаудың алғашқы қадамдарын жасамақпыз. Ең алдымен елімізде сыбайлас жемқорлыққа тыйым салуымыз керек.
Қасым-Жомарт Кемелұлының отандастарына: «Қиын күндер артта қалды. Осы сәтте ел тағдыры үшін ұйыса білген бүкіл халқыма шынайы ризашылығымды білдіремін! Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік! Халқымыз үшін тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!», – деуі әрбір азаматтың ертеңге деген сенімін арттырды.
Күні кеше жастар орталық алаңға шыққанда, басы-қасында басу айтып жүрдім. Байқағаным, олардың бірі ащы су ішіп, масаң күйде болса, кейбірі есірткі пайдаланғаны көздерінен көрініп тұрды. Сондықтан сөз тыңдамады. Олардың артында бір үлкен күштің тұрғаны белгілі. Әрине, ғимараттардың талқандалып кетуі көңілге қаяу салады. Бұл дұрыс емес. Жастар біздің болашағымыз болғандықтан, Отанын бағалап, әр қадамын анық басуы қажет деп ойлаймын.
Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
Тараз қалалық мәслихатының хатшысы