Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап не өзгереді?

0 532

Қазақстанда 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Олардың негізгілерін назарыңызға ұсынамыз,-деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.


Ең төменгі жалақы өзгереді

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 60 мың теңге болады. Бұған дейін оның мөлшері 42 500 теңге болды.

Зейнет жасы өседі  

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 60,5 жасқа дейін өседі. Биыл қазақстандық әйелдер зейнеткерлікке 60 жастан шықса, келесі жылы ол 60,5 жасқа дейін көтеріледі. 2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңмен ұлғайып, 63 жасқа дейін жетеді. Осылайша ерлер де, әйелдер де құрметті демалысқа бір жаста шығады.

Зейнетақы мөлшері ұлғаяды

Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 18 524 теңгеден 19 450 теңгеге дейін артады.

1 қаңтардан бастап ең төменгі зейнетақы 46 302 теңге болады. Былтыр оның мөлшері 43 272 теңге болды.

АЕК өседі

2022 жылы айлық есептік көрсеткіш мөлшері 3 063 теңге болады. Былтыр 2 917 теңге болды.

Жеке куәлік пен жүргізуші құжатын алу қымбаттайды

АЕК мөлшерінің өзгеруіне байланысты бірқатар құжатты алу үшін төленетін мемлекеттік баж да өзгереді.

Енді паспорт алу үшін төленетін мемлекеттік баж салығы –  24 504 теңге (8 АЕК );

жеке куәлік – 613 теңге (0,2 АЕК);

жүргізуші куәлігі – 3 828 теңге (1,25 АЕК);

некені тіркеу – 3 063 теңге (1 АЕК), неке куәлігін екінші рет алған жағдайда – 1 532 теңге (0,5 АЕК);

ажырасуға арыз бергенде төленетін мемлекеттік баж салығының мөлшері – 6 126 теңге (2 АЕК).

Күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегі өзгереді

Ең төменгі күнкөріс деңгейі базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін қажет. Былтыр оның көлемі 34 302 теңге болса, 2022 жылы 36 018 теңгеге дейін өседі.

2021 жылы «кедейлік шегі» 24 011 теңге болса, 2022 жылы бір адамға айына 25 212 теңгеге дейін жетеді. Айта кетейік «кедейлік шегінде» өмір сүретін Қазақстан азаматтары атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы.

Балаға берілетін жәрдемақы

2022 жылы айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы да артады. Жөр­гекпұл сомасы баланың кезегіне байла­нысты өсіп отырады:

бірінші, екінші, үшінші балаға – 116 394 теңге (38 АЕК), 2021 жылы 110 846 теңге болды;

төртінші және одан ке­йінгі балаларға – 192 969 теңге, 2021 жы­лы 183 771 теңге болды. Егіз не үшем, төр­тем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі.

Жүктілік пен босану бойынша табысынан айырылған жұмыс істейтін әйелдерге берілетін біржолғы әлеуметтік төлем 1 587 600 теңге болады. 2021 жылы 1 224 550 теңге болды.

Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы 

2022 жылы көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы оның мөлшері: 4 балаға – 49 100 теңге (16,03 АЕК); 5 балаға –  61 382 теңге (20,04 АЕК); 6 балаға – 73 665 теңге (24,05 АЕК ); 7 балаға – 85 948 теңге (28,06 АЕК).

«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы 19 603 теңге (6,4 АЕК) болады.

Мүгедектігі бар азаматтар жәрдемақысы

2022 жылы Қазақстанда мүгедектік бойынша ай сайынғы жәрдемақының мөлшері артады. I топ – 69 155 теңге, 2021 жылы бұл сома 65 860 теңге болды; II топ – 55 108 теңге (2021 жылы 52 483 теңге болды); III топ – 37 459 теңге (2021 жылы 35 675 теңге болды). 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 50 426 теңге төленеді. 2021 жылы оның мөлшері 48 023 теңге еді.

Бала кезінен мүгедектерге, 16 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға 43 222 теңгеден 69 155 теңгеге дейін (тобына қарай) жәрдемақы беріледі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.