Қалалық қоғамдық-саяси газет

Хаменованың қамалуына себеп болған: Атырауда Абай ескерткіші ашылды

0 247

Бүгін Атырауда сыбайлас жемқорлық дерегімен танымал болған Абай ескеркіші ашылды. Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова осы ескерткіш үшін 4 млн 500 мың теңге пара алды деген күдікпен ұсталған болатын, деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Биіктігі 11 метр болатын ескерткіш Атырау халықаралық әуежайына барар жолдағы Абай орталығының алдына қойылды.

Салтанатты шараға Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов,  абайтанушы Қадір Жүсіп және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

“Абайдың 175 жылдығына орай ашуға жоспарланған ескерткіштің ашылуы бүгінгі күнге сәті түсіп отыр. Мүсін қоладан құйылған, жалпы биіктігі 11 метр. Мүсінде Абайдың оң қолына кітап ұстап тікесінен тұрған сәті бейнеленген. Республикалық комиссияның шешімі бойынша мүмінші Асқар Нартовтың осы жұмысы екі эскиздің ішінен үздік деп таңдалды”, – деді Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Құралай Құмарова.

Айта кетейік, Атырау облысында 145 миллион теңгеге бағаланған дәл осындай монументті Павлодар қаласының әкімдігі 55 миллион теңгеге орнатқаны ел аузында.

Павлодардағы орталық алаңға бір жыл бұрын қойылған Абай ескерткішінің биіктігі 10 метр, қоладан жасалған монументтің құны 55 миллион теңге. Авторы – мүсінші Асқар Нартов. Екі мүсіннің де тапсырысын алған «Балқыту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Еске сала кетейік, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова және облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Абай ескерткішін орнату бойынша мемлекеттік сатып алу келісімшарты үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілікті. Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов өзінің орынбасары ұсталғанда көңілі түскенін айтқан болатын. Ал осы істегі тағы бір күдікті – Ақылбек Рысқалиев өз кінәсін мойындап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне барған. Осыдан кейін Хаменованы ұстау үшін Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы тергеу тобы келіп, шенеунікті жұмыс орнынан тергеуге алып кеткен. Ол өз кінәсін мойындаған жоқ. Қазір Хаменова тергеу изоляторында қамауда отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.